Премьер-министр Мемлекет басшысының атынан Тоқтар Әубәкіровті 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының атынан қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіровті 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
"Халқымыз өзіңізді әйгілі ғарышкер, көрнекті қоғам қайраткері, отансүйгіш азамат ретінде айрықша қадірлейді. Сіздің еңбек жолыңыз жарқын белестерден тұрады. Біраз жыл кәсіби ұшқыш болып, жаңа әскери ұшақтарды сынақтан өткізіп, ерен ерліктің үлгісін көрсете білдіңіз. Сіз зеңгір көкке көтерілген қазақтың тұңғыш ғарышкері атандыңыз. Еліміздің әлем алдындағы мәртебесін арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық аэроғарыш, қорғаныс өнеркәсібі салаларын дамытуға қосқан үлесіңіз өте мол. Парламент Мәжілісінің депутаты болған кезіңізде терең біліміңіз бен өмірлік тәжірибеңізді отандық заңнаманы жетілдіру ісіне арнадыңыз. Алдағы кезеңде еселі еңбегіңіздің жемісін көріп, ел-жұрттың сый-құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға бақ-береке тілеймін", - делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында.
Олжас Бектенов 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енгенін атап өтті.
"Бүгінде Президентіміздің "Әділетті Қазақстан" бастамасына әрдайым қолдау білдіріп, жаңа Конституцияда айқындалған ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісіне де аянбай атсалысып жүрсіз. Өйткені отаншылдық, әділдік, заң мен тәртіп, ерлік пен еңбекқорлық сияқты асыл қасиеттерді жастардың бойына сіңіруде алаш жұртының адал перзенті, халқымыздың хас батыры ретінде сіздің алатын орныңыз ерекше", - деп атап өтті ол.
Айта кетейік, Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы қазіргі Тоқтар ауылында өмірге келген.