Осы біздің халқымыздың бойына қонақжайлық деген қасиет қайдан сіңген? Біз үйге келген адамның көңілін тауып, жағдайын жасауды кімнен үйрендік? Иә, кез келген ұлт қонақ күте алады, оған күмән жоқ. Бірақ, байқасаңыз, қазақ халқының, жалпы қазақстандықтардың қонаққа деген көңілі бөлек. Бір қызығы, соңғы кезде сол кең пейіліміз бен бай мәдениетімізді көзбен көріп, сезінгісі келетін туристер көбейген. Яғни, қанға сіңген қонақжайлығымызды бүгінде бизнеске айналдыруға, түптеп келгенде экономикамызды дамытуға мүмкіндік бар.
Қазаққа қонақ күту мәдениеті қайдан келді деген сауалға оралсақ, көшпелі өмір салтының әсері ерекше болғаны анық. Кең далада жолда қалып қойған жолаушыны жылы қарсы алу – оның қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тең еді.
Ата-бабамыз «Қонақ разы болса, Тәңірі разы» деп сенген, тіпті қазақ үйіне бейтаныс адам келсе де, «қайдан келдің?» деп сұрамай тұрып, алдымен дастарқан жайып, қонақты сыйлап, жағдайын жасауды парыз санаған. Жолаушының амандығы – бүкіл ауылдың абыройы еді. Міне, халқымыздың бойындағы қонақжайлықтың тамыры тереңде жатыр.
Қазір ешкім көшіп-қонып жүрген жоқ, заман басқа. Бірақ еліміздегі тұмса табиғатпен қоса қазақстандықтардың жайдары жүзін көруге ынтық туристер жыл сайын артып келеді. Ал нарық заманда сұраныс болса, ұсыныс та бар. Қазақстанда қай уақыт, қай мерзімде келсең де дастарқаны жаюлы, қазанда еті асулы шағын қонақ үйлер топтасқан ауылдар бар.
БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы үздік деп таныған ауыл
Алматы облысындағы Саты ауылын жергілікті тұрғындар демалыс аймағына айналдырған. Жүзге жуық үй туристердің тілін тапқан - олар көктемнен күзге дейін үздіксіз қонақ күтеді. Өйткені Сатыда мәдени құндылықтар мен салт-дәстүріміз сол күйде сақталған. Оның үстіне ауыл Көлсайға баратын жолдың бойында, көркем табиғат аясында орналасқан. Бұл өңір биік тауларымен, мөлдір көлдерімен және қазақы қонақжайлығымен танымал. Осылайша, туризм бір ауылдың табыс көзі болып отыр.
Бастапқыда ауылдағы әр үй бір бөлмені туристерге арнап дайындайды. Қонақ үйден айырмашылығы – таңертең қонақтарды ұлттық тағамға толы дастарқан күтеді. Саты ауылының тұрғыны Динара Нұрбаеваның туристік бизнеспен айналысып жүргеніне он жыл болған. Ол бұл істі жаңадан бастағанда туристерге қолайлы жағдай жасалған үйдің иесі еді.
«Қонақ ең алдымен өз жағдайын ойлайды. Жайлы жатып, жайлы жүріп-тұрғысы келеді. Жуынатын бөлме болғанын қалайды. Біз өзіміз тұрып жатқан үйге душ пен дәретхана орнаттық. Дәл осы артықшылығымызға қарап, туристер бізге көбірек келе бастады. Кейін шағын қонақ үйлер салдық. Бұл істі абысыныммен бастадық, қазір әрқайсымызда қонақ күтетін 2-3 үй бар», - дейді Динара Нұрбаева.
Динараның айтуынша, Сатының табиғатына қызығатын, тау-тас, көлін көруге асық туристер қатары өте көп. Туристік фирмалар қазірден қонақ үйлерді брондап қойған, яғни келесі жылдың сәуірінен қарашаға дейін орын жоқ. Ал бұл өлкеге туристер Австралия, Жаңа Зеландия, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және ел ішінен келеді.

«Таңғы, түскі, кешкі ас болсын, негізгі тағамның қасына қаймақ, ыстық бауырсағымызды дайындап отырамыз. Құрт бар. Біз «жоқ» деп айта алмаймыз, осындай кеңдігіміз бар ғой. Қонақтың көңіліне қарап, сұрағанын тауып беруге асығамыз. Мысалы, шетелдіктердің көбі қара малдың етін жемейді, тауық етін сұрайды. Сұрағанын табамыз. Осындай қанға сіңген қасиетімізді көрген турист, олар көбіне шетелдіктер, міндетті түрде қайта келеді», - дейді ол.
Үйге келген қонақтың қас-қабағына қарап күтіп алу – әйелдерге жүктелген міндет сияқты, Сатыға келген туристерді де қыз-келіншектер қарсы алады, яғни, ауыл әйелдері үйден шықпай-ақ бизнеспен айналысып отыр.
«Бұл әйелдерге ыңғайлы іс, ер адамдар араласа бермейді. Себебі, туристің ас-суын дайындау керек. Бізге қонақ күту аса қиын емес, үйреніп қалғанбыз. Осы кәсіптің арқасында көлік, үй алдық, екі қонақ үй салдық».
Алматы облысындағы Саты ауылында инфрақұрылым да жақсарып, демалыс аймақтарының саны артып келеді. Көлсай мен Қайыңды көлдеріне қосымша туристік бағыттар ашу жоспарда бар. Айта кету керек, Саты ауылы БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымының 2023 жылғы ең үздік туристік ауылдарының тізіміне кірді. Халықаралық ұйым әлемнің 260-қа жуық ауылынан 54 елді мекенді таңдап алады, үздіктердің қатарында Саты да бар. Ал Қазақстанда Саты сияқты турист тартуға тұрарлық ауыл көп.

Ұлттық құндылықтан ұлттық брендке
Бір ауылдың тіршілігі ұлттық құндылықтарымыз уақыт өте келе экономиканың дамуына оң серпін беретін қуатты қозғаушы күшке айналғанын көрсетті. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қазақтың қонақжайлық дәстүрі бүгінде туризмді ілгерілететін маңызды факторлардың бірі болуы әбден мүмкін. Бұл үрдісті халықаралық тәжірибе де растайды: Грузияда үй жағдайындағы сервис ұлттық брендтің ажырамас бөлігіне айналса, Қырғызстанда киіз үй лагерьлері треккинг мәдениетінің символына айналып отыр. Өйткені туристер ең алдымен өздерін клиент емес, шын мәнінде қонақ ретінде сезіне алатын жерді таңдайды.
Мемлекет те туризм саласын қолдау мақсатында жыл сайын инфрақұрылымды жетілдіріп келеді. Бәрінен де жергілікті тұрғындардың нәтижесі де үлкен үміт ұялатады. Ауыл жұрты ұлттық құндылықтан ұлттық брендке қол жеткізуге болатынын көрсетіп отыр. Ақ дастарқаны жайылған берекелі үй - отбасылық бизнеске, киіз үй - бәсекеге қабілетті туристік өнімге, ал шағын ауыл - саяхатшыларды тартатын орталыққа айнала алады.
