Оралда бет-әлпетті танитын камералар сот шектеуін бұзған азаматты түнгі клубтан анықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
36 жастағы ер адам сот шешімімен бостандығы шектеліп, оған кешкі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынған. Соған қарамастан, ол түнгі клубқа кірген.
Клубтағы камералар оның бейнесін бірден базаға тіркелген адамдармен салыстырып, сәйкестікті анықтаған. Ақпарат жедел басқару орталығына түсіп, көп ұзамай патрульдік полиция келіп, ер адамды ұстап, бөлімге жеткізді.
Тексеру барысында оның расында пробация есебінде тұрғаны және сот талабын бұзғаны белгілі болды.
Қазір бұл дерек бойынша тексеріс жүріп жатыр. Жыл басынан бері осындай жүйе арқылы 56 адам анықталған.