Қазақтың бірден жеңілетінін Гордон қайдан біліпті? – журналист

Dalanews 09 қаң. 2023 13:05 1192

Украинаның Ресейді қалжыратқаны рас. Сол үшін алғыс та айтармыз, жәрдем де жасармыз. Бірақ Қазақстанның бірден жеңіліп қалатынын Гордон қайдан біліпті?

Әлемдік оқиғалар кезінде әр мемлекет өзінің жайын ойлайды, соған сай әрекет етеді. Ресей-Украина соғысының бізге әсері туралы да осыны айтуға болады.

Ендеше Украина біз үшін соғысып жатқан жоқ, бірақ бұл соғыс біздің мүддемізге оң әсер ететіні анық. Сондықтан «...біз үшін соғысып жатыр» деген сөз арзан. Оны қойған жөн.

Осы сөзді естіп алғасын шығар Гордон әріптесіміз кеше тіпті артық сілтепті. «Егер Ресей Украинадан бұрын Қазақстанға басып кірсе, онда жеңіске жетер еді. Бірақ Ресей бізге соғыс ашты. Біз Ресейді әбден қалжыраттық. Енді Ресейдің Қазақстанға соғыс ашар қауметі қалмады. Сол үшін бұрынғы КСРО-де болған барлық ел Украинаға алғыс айтуы керек» (осы мағнада) депті.

Егер АҚШ пен ұжымдық Батыс қару-жарақ бермесе, ақшалай көмектеспесе Украинаның да аяғы көктен келер еді ғой. Иә, иә көктен келер еді.

Украина әзірге ақпараттық соғыста жеңімпаз боп тұр. Өйткені, әділдік Украина жағында. Ресейдің ақпараттық соғысы болса, тисе терекке, тимесе бұтаққаның кері болып тұр.

Құдай оның бетін әрмен қылсын, егер басқыншы ел Қазақстанға басып кірсе әлемдегі демократияшыл елдер, оның ішінде Ресейді жақтырмайтындар көмек қолдарын созбас деймісің. Созады ғой.


Бауыр тұтқаннан емес, аяғаннан емес, өздерінің мүдделері үшін. Бауыр тұтатын бауырлас елдер де бар екенін айта кеткен артық болмас. Олар туралы әңгіме бөлек. АҚШ пен ұжымдық Батыс Украинаға жүрегі елжірегеннен жәрдемдесіп жатқан жоқ, олар да осы соғыстан өз мүделерін айырып алуға жанталасуда.

Сондықтан Украинаның азғантай жеңісіне Гардонның есіріп, сәуегейсіп кеткеніне жол болсын. Ешқандай да біз үшін емес, соғысса өздері үшін соғысады. Күні ертең не болатынына көз де, көңіл де жетпейді. Тек үміт бар. Сенім тірі.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, журналист.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар