Қазақты неге қалаға жібермеді?

Dalanews 25 қыр. 2017 05:02 694

Қазақ халқы ауылда тұрып, ауылда қалыптасты. Оларды қалаға белгілі бір шектеулер арқылы біртіндеп жіберу қазақ тілін ассимиляцияға түсірудің амалы еді.

Мысал үшін, 100 мың адамның 1 мыңы қалаға көшіп келді делік. Осы келгендер толық орыс тіліне көшіп болғаннан кейін ғана келесі мың адам қалаға жіберіліп отырды.

Ал қалалардың барлығында орыстілді мектептер, орыстілді қарым-қатынас.
Ауылдан келген бір лек тілінен айрылғаннан кейін барып, олардың орнын келесі лек басып отырды.

Егер сол кезде қазақтар қалаға жаппай көшіп келсе, онда тілді де өздерімен бірге ала келер еді. Оларға мұндай мүмкіндік жасалған жоқ.

Осы саясаттың салдарынан қазақ халқы өнеркәсіпте жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылды. Мұның екі зияны болды. Біріншіден, технологияны игеруден артта, комбаин мен «ГАЗ-53»-тің айналасында қалып қойды.

Екіншіден, материалдық жағдайы төмен болды. Себебі, қазіргі жағдайды былай қойып, КСРО-ның кезін алып қарасақ, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағылардың табыс айырмашылықтары жер мен көктей болатын. Қазақ халқы бұйығы ауылдарда қалуы салдарынан, өз мүддесін жоқтайтын ықпалды саяси күш ретінде қалыптаса алмады.

Алтынбек Сәрсенбайұлы


Дереккөз: Түркістан газеті 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар