Қазақтарды Украинаның орыстар басып алған қаласына жұмысқа тартып жатыр

Dalanews 15 жел. 2022 06:59 706

Ресей оккупациялап алған Мариуполь қаласын қалпына келтіруге қазақстандықтарды да тартып жатқаны туралы ақпарат тарады. Құрылысшылардың бір тобы 14 желтоқсан күні Мариупольге аттанбақ.

«Ресейдегі вахта» деген атпен хабарландыру жариялаған қостанайлық агенттік жұмыс сұраушылардың көп екенін айтады.

Қазақстандықтардың Мариупольге жұмысқа тартылып жатқаны туралы алғаш журналист Лұқпан Ахмедияров жазды. «Мыңдаған мәйіттің үстіне үй салып жатқан ресейліктерге жұмыс істеу моральға қайшы» дейді. Оның сөзінше, соғыс аймағына аттанып жатқан қазақтарға қауіп төніп тұр.

"Сондай үлкен ақшамен шақырып, қазақтарды жайлап-жайлап мына соғысқа қатыстыру, тарту… Олар, әрине, Мариупольге барып, автомат ұстамайды. Ешқандай қару ұстамайды. Құрылыс жұмысымен айналысады. Бірақ Марупольде жүрген украин партизандары баяғыда-ақ «Ресейден келген жауынгер мен құрылысшыларды заңды түрде нысанаға аламыз» деген. «Құрылысшыларды да жауынгер деп есептейміз, солармен де соғысамыз» деген" деді Украинадағы қазақ журналисі Лұқпан Ахмедияров.

Мариупольдегі құрылысқа қазақтарды тартып жатқан агенттік өкілі 11 қазақстандық бүгін, 14 желтоқсан күні жолға шығатынын жеткізді. Азаттық тілшісімен телефон арқылы ғана сөйлескен ол «біз тек жұмыс тауып береміз, қауіпсіздігіне ресейлік компаниялар жауапты» деді.


Олар толыққанды сұхбат беруге келіспеді, даусын пайдалануға, аты-жөнін атауға да тыйым салды. Жарнама хабарландыруына қарағанда, ресейліктер шамамен 900 мың теңге айлық төлеуге уәде берген.

Masa.media сайты Мариупольге жұмысқа шақырған хабарландыруларды ReКадро, "Кнопка" сайттарынан да тапқан. Хабарландыру иелері "қалада ТМД, оның ішінде Қазақстаннан да келгендер барын" айтқан.

Азаттық «Оккупацияланған қалаға қазақтардың баруы қаншалықты заңды?» деп Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне хабарласты. Олар бұл туралы естімегенін айтты. Қазақстанның Украинадағы елшісі де «елшілікке бұл мәселемен ешкім хабарласпағанын» жеткізді. Халықаралық құқық сарапшысы «Мариупольге жұмысқа бару — Қазақстан заңдарына қайшы емес» дейді.

— Бұл азаматтық құқыққа жатады. Кез келген азаматтың еркін жүріп-тұру құқығы қолданылады, адам құқығы тұрғысынан қарар болсақ. Ал Қазақстанныңміндеті — шетелде, Украина территориясында жүрген өз азаматтарының бас амандығын қамтамасыз ету. Яғни, олар кеңес береді Украинаға келмеуге. Бірақ келмеңдер деп айта алмайды соғыс кезеңі болса да, – дейді халықаралық құқық сарапшысы Әйгерім Құсайынқызы.


Мариупольді Ресей биыл мамырда басып алған. Ол – орыс әскерінің ең ауыр соққысына ұшыраған қалалардың бірі. Ресми Киев дерегінше, кемінде 25 мың адам оққа ұшқан. Жеті мыңға жуық кісі үйінді астында өлген. Жүздеген мың тұрғын босып кетті. Украина президенті сөзінше, басқыншылар шабуылынан Мариупольдің 95 пайызы қирап қалған. Ресей билігі шілдеде қаланы қалыпқа келтіруге кіріскенін хабарлаған.

Қазақстан Мариупольге азаматтары аттанып жатқан Орталық Азиядағы жалғыз ел емес. Қазан айында Азаттықтың Тәжік қызметі Ресей басып алған қалаға тәжік мигранттарын аттандырып жатқанын хабарлаған. Екі айдан соң, желтоқсанда мигранттар ресейлік құрылыс компаниялары уәде етілген еңбекақының жартысын ғана төлеп жатқанына шағынған.

https://dalanews.kz/del-qazir/84640-25-akademiia-ashylady-huawei-zhanga-qazaqstanga

https://dalanews.kz/news/84675-tomengi-zhalaqyny-anyqtau-preziden

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар