Дональд Трамп Қазақстанды Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтады

Дональд Трамп Қазақстанды Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтады
instagram.com/realdonaldTRUMP

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай құттықтау жолдады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақорданың мәліметінше, құттықтау хат Мемлекет басшысына АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гор арқылы табысталған. Кездесу БРИКС саммиті аясында өтті.

Дональд Трамп өз құттықтауында Қазақстан халқының тәуелсіздік жылдарында елдің бай мәдениеті мен тарихи мұрасын сақтап, дамыту жолындағы жетістіктерін жоғары бағалады.

«Миллиондаған қазақстандық Астанада және елдің түкпір-түкпірінде 1991 жылы республика Тәуелсіздігі жарияланғаннан бері көздің қарашығындай сақтап, еселей түскен бай мәдениетін, тарихи мұрасын және қайталанбас келбетін ерекше мақтанышпен паш етеді», – делінген құттықтау хатта.

Сондай-ақ АҚШ президенті Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің маңызын атап өтіп, екі ел арасындағы байланыс алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев жылы лебізі үшін Дональд Трампқа алғыс айтып, АҚШ көшбасшысын Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын растады.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы қазақ-америкалық стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.

«Қазіргі уақытта Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысуға дайындалып жүрмін. Бұл екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Өзара тиімді ықпалдастықты ілгерілету жолында сөзден гөрі нақты іске көшкенді жөн көреміз», – деді Президент.