Қазақстанда жұмысқа қабылдау тәртібіне қатысты жаңа талап күшіне енді. Енді кейбір санаттағы жұмыс іздеушілер жұмысқа қабылданбаған жағдайда жұмыс берушіден бас тарту себебін жазбаша түрде түсіндіруді талап ете алады, деп хабарлайды dalanews.kz “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер тамыз айынан бастап қолданысқа енгізілді. Жаңа норма жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналарға, кәмелетке толмағандарға және мүгедектігі бар азаматтарға қатысты қолданылады.
Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, егер аталған санаттағы азаматтарға жұмысқа қабылдаудан бас тартылып, оның себебі түсіндірілмесе, олар жазбаша жауап талап етуге құқылы.
Егер жұмыс беруші бас тартуды үміткердің жүктілігімен, баласының болуымен, жас ерекшелігімен немесе мүгедектігімен байланыстырса, мұндай шешімге сот арқылы шағымдануға болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің мәліметінше, жұмыс беруші бас тарту себебін нақты әрі дәлелді түрде көрсетуі тиіс. Егер үміткердің біліктілігі мен денсаулық жағдайы лауазым талаптарына сәйкес келсе, оны жұмысқа қабылдаудан бас тартуға немесе кемсітуге жол берілмейді.
Министрліктің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Ерболат Абулхатиннің сөзінше, жұмыс берушілердің шешімі кәсіби талаптар мен біліктілікке негізделуі керек.