"Қазақтар таңдауын баяғыда жасап қойған. Ол әрине, Ресей емес" - Америкаға көшкен қазақ саясаттанушысы

Dalanews 18 там. 2021 08:09 757

Литва, Латвия, Молдованы айтпай-ақ қоялық, мына тұрған Грузияны көрген қазақтар көзін жұмып, аузын ашып оралады ол жақтан. Жемқорлықтан, Мәке-Сәкеден ада, ең бастысы таңдау құқығы мен жеке бас қадір-қасиеті қатты сыйланатын әлем бүгіндері былыққа әбден батқан біздің қоғам адамы үшін жұмақтай көрінері заңды, әрине.

Ал Қазақстан үшін шынымен де, мұндай өмір орындалуы екіталай құрғақ қиял ма? Иә десеңіздер, қатты қателесесіздер.

Бұл сөзді талмай айтып келе жатқандардың бірі – бүгіндері АҚШ-та өмір сүріп жатқан философ, саясаттанушы, саяси экономист әрі қоғам қайраткері, Қазақстандағы Еуропалық клубтың үйлестірушісі Уәлихан Төлешов.

Бірқатар ғылыми-зерттеу орталықтарының бас ғылыми қызметкері, ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты директорының орынбасары әрі директордың міндетін атқарушы, Өңірлік даму институтының директоры, Мемлекеттік және қоғамдық саясат мектебінің директоры болған ол 2000 жылдардың басында Қазақстан Ресеймен емес, Еуропамен жақындасуы тиістігі туралы тұжырымдама әзірлеп, оны түрлі мінберлерде дәлелдеумен болған ерек ойлы ғалымның бірі. Оның айтуынша, Еуропаға бет бұруға әлі кеш емес.

– Өкініш көп. Әсіресе зиялы қауым арасында. Айтатындары, уақытты босқа өткізіп алдық деседі. Ал мен ештен кеш жақсы дер едім, – дейді ол.

Қазақтар таңдауын баяғыда жасап қойған. Ол әрине, Ресей емес...

Саясаттанушы Қазақстан халқы метафизикалық тұрғыда әлдеқашан Еуропамен бірге екенін айтады. 


– 20 жыл бұрын ғой деймін, Алматыда Көк базарда сатушы әйелдің: «Тәтті ет алыңыздар, Сникерс сияқты тіл үйіреді!» – деп айқайлап жатқанын естіп қалдым.

Осы бір ауыз сөзден-ақ біздің адамдардың дамудың сол кезде-ақ қандай жолын таңдағанын айтқызбай-ақ аңғаруға болатын еді. Біздің жұрт бензин десе, ЕУРО-5 стандартын тілге тиек етеді, көлік десе, неміс немесе жапондікін алдымен аузына алады.

Осылайша, бейсаналы түрде еуропалық өмір сапасын таңдайды. Расында, кім де болса бала-шағасына ең жақсыны қалайды емес пе? Ал өмір сүру деңгейі бойынша ең жоғары дамыған елдер рейтингісінің ондығының сегізін Еуропа елдерінің де иеленуі кездейсоқтық болмаса керек, – дейді ол.

Ал ғалымның айтуынша, мұны ғылыми тілде метафизика деп айтады, яғни жүзеге аспаған, бірақ таңдау түскен құр ойдағы нәрсе.

Еуразиялық экономикалық одақты да құрған кезде Еуропалық Одақтың стандарттарына сүйеніп, бәрін жақсартпақшы болған. Бірақ, өздеріңіз куә болып отырғандарыңыздай, керісінше болып шықты емес пе? Ол арада экономикалықтан гөрі, саяси мүдде басым. Алға сүйреткеннің орнына етектен тартуда.

Бұл да біздің басымыздан өткен сабақ болуы керек. Онымен тоқтап қалуға болмайды. Жақсыға ұмтылу – қылмыс емес. Құр қиял – метафизика жеткіліксіз, бізге бәсекелестік ортаны құруда тәжірибе қажет, метафизиканы одан әрі дамытуға деген ұмтылыс керек, сонда біздің орта Еуропадағыдай бәсекеге қабілетті болады.

Қазір даму жер асты-үсті байлығымен емес, сапалы адам капиталымен өлшенеді.


Грузия демекші, Уәлихан Төлешов, адам басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткіші, жалпы тек қағазда бар басқа да статистикалық цифрлар ел азаматын бақытты етпейді деп санайды.

Адамды бақытты ететін нәрсе – өмір сүріп жатқан қоғамда қадірінің, құнының болуы, еңбегінің дұрыс бағалануы.

– Еуропа бізден мүлде алшақтап кеткен. Даму дегенге келгенде есеп тұрғысынан ойлауды олар баяғыда доғарған. Бүгіндері олар адами капиталдың құндылығы қағидаты бойынша өмір сүреді. Ал Молдова, Грузия және Украинадағы адами капитал өте жоғары.

Мысалы, 2008 жылы Ресеймен болған соғыстан кейін Грузия Ресеймен қандай да бір әріптестіктен толықтай бас тартты. Осы уақыт аралығында ол Ресейдің қатысуынсыз жұмыс істейтін өз экономикасын аяққа тұрғызды.

Молдовада да солай. Бұл елдердің әрқайсысы шағын болса да өзіндік экономикалық орнын тапты. Бірақ ең бастысы, бұл – адами қор. Еуропа бұрыннан табиғи ресурстардың жетіспеушілігі жағдайында өмір сүріп келеді, бірақ олар оның орнын сапалы адам ресурстарымен толықтыра алды.

Жапонияда да керемет табиғи ресурстар жоқ, бірақ олардың адами капиталының сапасы өте жоғары, бұл елдің экономикасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Мұның бәрі бүгіндері табиғи ресурстар қоры қоғамның экономикалық жағдайын анықтамайды дегенді білдіреді.

Қазіргі қоғамның экономикасы өндіріс формаларының тиімділігімен анықталады, – дейді ол.

Түркі әлемі деген қиял ма?


Халықаралық ғылыми ортада «Азия жолы: XXI ғасырдың тарихы» атты екі томдық монографиясы арқылы танымал ғалым бұл тақырыпта былайша ой тербейді:

– Түркияның қолдауымен Әзірбайжанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіру жаңа тарихи маңызды оқиғаға айналды. Бұл арада екі бауырлас мемлекеттің қажет кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алуы түркі жұртын біріктіруші бастамаға айналды.

КСРО ыдырағаннан кейін 30 жыл ішінде түрік халықтарының тіл, мәдениет, рухани сабақтастығының қайта орнауы да бауырлас елдер қатынастарының дамуына ерекше серпін беруде.

Түрік, түрік академиясы, түрік кеңесі сынды ұйымдардың түрік суперэтносының ортақ мәдени және тарихи өрісінің дамуына жол ашып отыр. Әрине, оны одан әрі қарқынды түрде насихаттау керек. Болашақта түркі өрісі толығымен кеңейіп, біртектес болуы керек. Бірақ, меніңше, бұл әлі де біршама уақытты қажет етеді.

Мысалы, Түркия президенті бірігуге шақырады, одан артыққа бара алмайды, себебі ол басқа түркі елдерін толыққанды Түркі одағын құруға мәжбүрлей алмайтынын жақсы біледі.

Сол секілді Қазақстан да, Өзбекстан да, жеке-дара немесе бірігіп, әзірше Орталық Азияда мұндай тізе бүгуді, осындай көмектің үлгісін көрсете алмауда, өйткені көп нәрсеге қол жеткізу үшін одан да көп нәрсеңізді тәрк етуіңіз керек.

Әзірге бұл тек Еуропалық Одақ аясында ғана толыққанды мүмкін. Менің ойымша, халықтардың бірігуінің ең озық жобасы – Еуропалық Одақ, оны құру мен дамыту әдістемесі түркі элитасы әлі жеткілікті зерттемеген (әрине, Түркияны қоспағанда).

Бір сөзбен айтқанда, біртұтас саяси одаққа айналу үшін түркі елдері мәдени, тарихи, оның ішінде экономикалық, әлеуметтік және ақырында саяси аспектілерді біріктірудің барлық кезеңдері мен сатыларынан өтуі қажет.

Егер біздің халықтар өз мемлекеттерінде осындай әлеуметтік капиталды қалыптастыратын болса, онда Түркі одағының болашағы Еуропалық Одаққа қарағанда әлдеқайда жарқын болып шығуы да бек мүмкін...

Бүгінгі қазақ дегеніміз кім?


Уәлихан Төлешовтың айтуынша, біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бірақ, шындығы, орасан байлыққа ие Қазақстан – дамушы ел: өндіріс құралдары жетіспейтін; технологиясы артта қалған; өмір сүру деңгейі төмен; жұмыссыздық деңгейі жоғары (8% -дан 40% -ға дейін) және т.б. Бүгінгі қазақ дегеніміз – осы!

– Одан бөлек, бүгінгі қазақ дегеніміз мықты әнші, тамаша киноактер, әртүрлі саланың талантты мамандары, спортшылар дегендей. Бұл бүкіл адамзат өркениетінің ауқымында дәстүрімізді сақтай отырып, жаңашыл әрі үйлесімді өзіндік ұлттық жобамызды құра алатын ұлт өкілдері. Өкінішке қарай, оның көбісі, қазір шетел асып жатыр.

Себебі жалпы біздегі жүйе ондайларды бағалауға бағытталмаған, керісінше шаршап-шалдықтырады. Әрине, реформа қажет. Онсыз болмайтынын қазір Қазақстанда үлкен тұрғай, бала да іштей сезеді, – дейді ол.

Оның пікірінше, Қазақстан өзін-өзі сақтау және одан әрі даму жолында екі немесе үш серпінмен өзінің ұлттық болмысын реформалауға мәжбүр болады.

– Бұл бағыттағы ұлттық жоба ретінде қазақ тілін кириллицадан латын графикасына көшіру, сондай-ақ Еуропалық Одақ стандарттарына сәйкестену, Қазақстанның бүкіл көлік жүйесін Еуропалық Одақтың көлік жүйесіне (Батыс Қытай - Батыс Еуропа) біріктіру жобасы болуы мүмкін, – дейді саясаттанушы.

Айта кетсек, осындай айтары көп, ұлт құрылысын зерттеуде талмай еңбек етуші ғалым Уәлихан Төлешов биыл 18 тамызда  60 жасқа толады.

Орайы келіп тұрғанда, «Қала мен Дала» газетінің ұжымы атынан ол кісіні осынау мерейлі датамен құттықтап, деніне саулық, отбасына бақыт, шығармашылығына толағай жеміс тілейміз!

P.S. Айтқандай, мұхиттың арғы жағына ағамыз, көп адамдар ойлап қалып жатқандай, қудалау көргеннен кеткен жоқ. Өзі Қазақстанға ораламын десе, кез келген уақытта келе алатынын айтады.

Ал кету себебін былай түсіндіреді:

– Өзімді сынап көргім келді. Дамыған демократиялық елде тыныш және тұрақты өмір сүру дегеннің нақтысында не екенін сезінгім келді. Ешкім мені қудалаған жоқ, өзім кеттім.

Сол кезде доцент болып жұмыс істеп жүрген ALMAU-дан еш өкінішсіз кете салдым. Себебі менің философиялық еңбектерім мен жобаларыма деген қызығушылық ол кезде төмендеген.

Оған дейін бірқатар әлеуметтік жаңғырту жобаларына қатысқан болатынмын. Олар да орта жолдан кілт тоқтап қалды.

Содан өзімді моральдық міндеттен босағандай сезіндім. Менің ойымша, өз-өзін бағалайтын адам ішкі тәуелсіздігін үнемі нығарлап отыруы керек және әмбебаптықты талап етуі тиіс, әйтпесе тоқырауға ұшырауы оп-оңай...

 

https://dalanews.kz/aimak/66859-shymkent-bilim-beru-uyymdary-100-payyz-ashyq-zh

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар