ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жыртқыш құстарды заңсыз иемдену және ұстау дерегі бойынша жергілікті тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2017 жылдан бастап "Құсбегілік" федерациясының және Қазақстанның ұлттық құсбегілік құрамасының мүшесі бола отырып, Қарағанды қаласындағы өз үйінің аумағында заңсыз тәлімбақ ұйымдастырған.
Ол аңшылық, қыран құстарды күтіп-баптау және емдеу тақырыбына арналған Instagram парақшасы арқылы табиғи мекендеу ортасынан заңсыз алынған сирек кездесетін жыртқыш құстарды жеткізіп беретін адамдармен байланыс орнатқан. Тінту барысында оның тұрғылықты мекенжайынан 35 жыртқыш құс тәркіленді. Олардың қатарында ителгі, бүркіт және лашын бар.
Бұл құстар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі төнген жануарлар санатына жатады. Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оған тиесілі Toyota 4Runner көлігіне тыйым салынды.
Қазір құстар уақытша Қарағанды қаласының хайуанаттар бағында. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін олар табиғи мекендеу ортасына жіберіледі.