Азия даму банкі (АДБ) Қазақстанның мемлекеттік қарызының өсуін цифрлық трансформацияға жұмсалатын мемлекеттік шығындардың артуымен байланыстырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Банк жариялаған Asian Development Outlook баяндамасының қыркүйек айындағы шығарылымында Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі дамушы елдердің жиынтық мемлекеттік қарызы 2025 жылғы шамамен 26 трлн доллардан 2026 жылы 29 трлн долларға дейін өсетіні айтылған.
АДБ мәліметінше, бұл өсімге елеулі үлес қосатын елдердің қатарында Қытай, Түркия және Қазақстан бар.
Қытайда мемлекеттік қарыздың артуы негізінен жергілікті билік органдарының қарыз алуының көбеюімен байланысты. Түркияда өсім жер сілкінісінен кейінгі қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыруға жұмсалып жатқан қаражатпен түсіндіріледі.
Ал Қазақстан бойынша АДБ мемлекеттік шығындардың цифрлық трансформация бағытында ұлғайғанын атап өткен.
Сонымен қатар банк Қазақстан экономикасына қатысты болжамын өзгеріссіз қалдырды. АДБ бағалауынша, елдің жалпы ішкі өнімі 2026 жылы 4,8%-ға, ал 2027 жылы 4,5%-ға өседі.
Инфляция деңгейі 2026 жылы 10,4%, 2027 жылы 9,5% болады деп күтіліп отыр.