Қазақстанның Сыртқы істер министрі БҰҰ-дағы Болашақ саммитінде сөз сөйледі

Жарбол Кентұлы 24 қыр. 2024 15:09 4070


Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы шеңберінде өткен Болашақ саммитінде сөз сөйледі. Ол өз сөзінде көпжақты ынтымақтастықтың, БҰҰ реформасының және климаттың өзгеруі, ядролық қауіпсіздік және цифрлық трансформация сияқты сын-қатерлерді шешуге бағытталған жаһандық күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстанның БҰҰ Бас хатшысының бастамаларын және Болашақ саммитінің барлық негізгі құжаттарын толық қолдайтынын растай отырып, «Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық елдермен және оның институттарымен біздің планетамыз және бүкіл адамзат үшін де жарқын болашақты қамтамасыз етуде күш біріктіру үшін бүгін Қазақстан осында тұр», – деді М.Нұртілеу.

Министр климаттың өзгеруі және ядролық қауіп сияқты заманауи жаһандық сын-қатерлерді еңсеру үшін БҰҰ жүйесін жан-жақты реформалау қажет екенін атап өтті. Бұл үдерісте халықаралық институттардағы орта державалар мен дамушы елдердің дауыстарын күшейту маңызды рөл атқаруы тиіс.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, орта державалар мен дамушы әлемнің дауыстары күшейтіліп, Қауіпсіздік Кеңесінде анық естілуі тиіс. Геосаяси дүрбелең мен экономикалық белгісіздік кезеңінде әлемге дипломатия мен диалог қажет», – деп атап өтті М.Нұртілеу.

ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы әділ және инклюзивті қоғам құруға бағытталған Қазақстан Президенті бастамашылық еткен ішкі реформаларға да тоқталды. Өлім жазасын жоюға, азаптау мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға ерекше назар аударылды.

Адам құқықтарын сақтау мемлекеттік саясаттың басымдығы болып қала беретінін алға тартып, «Әділетті Қазақстанды құру мақсатына сәйкес еліміз өлім жазасын алып тастады, азаптауға және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік саясатын енгізді, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетігін нығайтты», – деп атап өтті М.Нұртілеу.

Орталық Азия температураның жоғарылауы, мұздықтардың еруі және шөлейттену сияқты климаттың өзгеру қаупіне тап болуда. Осы сын-қатерлерге жауап ретінде Қазақстан 2026 жылы БҰҰ-ның Бірінші өңірлік климаттық саммитін өткізуді жоспарлап отыр және Орнықты даму мақсаттарын орындау жөніндегі үйлестіруді күшейту мақсатында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құруды ұсынды.

Қазақ дипломаты цифрлық трансформация саласында 2030 Күн тәртібіне қол жеткізудегі технологиялардың рөлін атап өтті және Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі цифрлық алшақтықты жоюға ықпал ететін БҰҰ АТМЭӘК Цифрлық шешімдер орталығын құруға бастамашы болды.

Ядролық сынақтардың қайғылы тәжірибесі бар Қазақстан халықаралық ядролық қарусыздануды ілгерілетуде белсенді рөл атқаруда. М.Нұртілеу халықаралық қауымдастықты болашақта ядролық апаттың алдын алу бойынша бірлескен күш-жігерге шақырды.

Сөз соңында ҚР СІМ басшысы БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына негізделген әлемге балама жоқ екенін атап өтті. Ол әлемдік қауымдастықты ашық диалог пен көпжақты ынтымақтастыққа шақырды.

Министр Қазақстан Болашақ саммитінде қабылданған үш маңызды құжатқа: Болашақ үшін жасалған пактіге, Жаңа цифрлық шартқа және Болашақ ұрпақ туралы декларацияға толық қолдау білдіргенін айтты. Бұл құжаттар көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға және климаттың өзгеруін, технологиялық трансформацияны және қауіпсіздік қатерлерін қоса алғанда, қазіргі заманның экзистенциалды қатерлерін шешу үшін тиімді жаһандық жүйені құруға бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар