69 жасқа қараған шағында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті актер Қайрат Кемалов өмірден өтті. Ол бүкіл саналы ғұмырын кино және театр саласына арнады. Актер "Қазақ хандығы" фильмінде Керей ханның рөлін сомдау арқылы көрермендер көзайымына айналған еді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаралы хабармен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев желідегі парақшасында бөлісті.
"Қайрат Кемаловтың өнердегі мансабы Қарағандыда басталған еді. Оның өнердегі жетістіктері халықаралық дәрежеде жоғары бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. Ол түрлі тарихи образдарды сомдауда актерлік шеберлігімен көріне білді. Шығармашылық жолында ол көрермендерге классикадан бастап заманауи қойылымдарға дейін жүздеген рөлдерді сыйлады. Ол шеберлігі, мамандыққа деген үлкен адалдығы арқасында отандық театр және кино тарихында терең із қалдырды. Қайрат Кемаловтың жарқын бейнесі әріптестерінің, шәкірттері мен достарының, көрермендердің жүрегінде мәңгі қалады", делінген әкімнің көңіл айту жазбасында.
Қайрат Кемалов 1957 жылы 8 қаңтарда Жезқазған облысы Жаңаарқа ауданы Атасу ауылында дүниеге келген. Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат" орденінің иегері және Қарағандының құрметті азаматы болған еді.