Құқық қорғаушылардың мәліметінше, қаңтардың аяғында Алматы полициясы Качкуркинге қатысты екі әкімшілік хаттама толтырған: рұқсат етілмеген жерден жол кесіп өткені және жабық жерде кальян шеккені үшін. Соның негізінде сот оны "Қазақстан Республикасының заңдары мен егемендігін құрметтемеуіне" байланысты елден шығару туралы шешім қабылдаған.
Ресейге ұшып келген бойда Качкуркин ұшақтан түсе сала ұсталып, сотқа жеткізілген. 31 қаңтарда ТАСС агенттігі Мәскеудің Мещан аудандық соты мемлекетке опасыздық туралы қылмыстық іс аясында Качкуркинді тергеу изоляторына қамауға алғанын хабарлады. Сот отырысы жабық режимде өткен.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, қылмыстық іске Украинаға жіберілген ақша аударымдары себеп болуы мүмкін. Бұл бап бойынша ең ауыр жаза - өмір бойына бас бостандығынан айыру. Алайда Качкуркиннің айыпты мойындағаны немесе аударымдар дерегін растағаны жөнінде ақпарат жоқ.
Александр Качкуркин - Украина азаматы, Қырымда туған. Ол саяси себептермен Қазақстанға көшіп, Алматыда IT-инженер және әзірлеуші болып жұмыс істеген. Кей деректерге сәйкес ол OpenAI компаниясымен де ынтымақтастық орнатқан.
