Қазақстан үкіметі елде бір емес, үш атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Вице-премьер Роман Скляр жақында Қытайдың CNNC ұлттық корпорациясын Қазақстандағы екінші және үшінші АЭС құрылысын жүргізетін басым үміткер ретінде атады. Алайда сала мамандары мұндай көлемдегі «бейбіт атомның» еліміз үшін экономикалық тиімділігіне күмән келтіруде, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов атом энергетикасын дамыту туралы жоспарлар айтарлықтай ауқымды болғанымен, Қазақстанның көмір өндірісіне негізделген электр қуаты мәселесін әлі толық шешпегенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңартылатын энергия көздерінің өзі атом энергиясына қарағанда анағұрлым арзанға түсуі мүмкін.
«Жаңа көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтарының (ЖЭО) қаржыландыру мәселесі әлі шешілмеген. Мысалы, ресейлік «Интер-РАО» компаниясы Қазақстандағы үш ЖЭО құрылысына экспорттық кредит ала алмай қалды. Енді «Самұрық-Энерго» компаниясы Көкшетау ЖЭО-ын өз қаражатына салуды бастады. Сондай-ақ, Энергетика министрлігі қуаты 2,64 ГВт болатын Екібастұздағы ГРЭС-3 құрылысына тендерді қайта жариялады. Бұл жобаның қаржылық кепілі екі есеге қысқарып, 15 млрд теңгеге түсті. Жобаның жалпы құны шамамен 3 трлн теңгені құрайды. Тендерге өтінімдер 15 тамызға дейін қабылданады», – дейді сарапшы.
Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, Екібастұз ГРЭС-3 қуаты атом электр станциясымен (2,4 ГВт) шамалас. Бірақ, ГРЭС құрылысының шығыны екі есе төмен және онда өндірілген энергияның бағасы да анағұрлым арзан болады.
«Екібастұз ГРЭС-3 станциясының 15 жыл бойына кепілдендірілген ең жоғары тарифі – 1 мегаватт үшін айына 19,3 млн теңге, яғни киловатт үшін 27 теңге. Бұл – тек алғашқы 15 жылдағы ең жоғары тариф, инвестиция қайтарылған соң баға төмендеуі мүмкін. Жаңа атом станциялары осындай тарифпен жұмыс істей ала ма? Бұған сену қиын. Жүйелік оператор атомнан қымбат энергияны сатып алып, тұтынушыларға жоғары баға ұсынуға мәжбүр болады. Оның үстіне, елімізде көмір қоры кем дегенде 300 жылға жетеді, ал уран қоры қазіргі өндіріс көлемімен 30-40 жылға ғана жетуі мүмкін. Оның үстіне, уранды өзіміз байыта алмаймыз», – деп түсіндіреді сарапшы.
Жұмағұлов Қазақстан атом энергетикасын дамытудан түбегейлі бас тартуы керек демейді. Бірақ, оның айтуынша, көмір станцияларын немесе жаңартылатын энергия көздерін көбірек пайдаланса, дәл сондай көлемдегі қуатты әлдеқайда арзанға алуға болады.
«Қазақстанның қымбат атом энергетикасына неліктен құмартып отырғаны түсініксіз. Себебі газ арқылы жұмыс істейтін станциялардың (кем дегенде 10 ГВт) немесе жел энергетикасының (кем дегенде 5 ГВт) қуаты атомнан әлдеқайда арзанға түсер еді. Елге бір емес, үш атом станциясын салудың нақты қажеттілігі бар ма? Халықаралық қаржы институттары көмір энергетикасына ақша бөлуді тоқтатты дегенмен, Қазақстан өз қаражатына Көкшетаудағы ЖЭО құрылысын бастап кетті емес пе?» – дейді сарапшы.