Қазақстан 2025 жылдың сәуір айына дейін Сырдария өзені арқылы шамамен 11 млрд текше метр су алады. Бұл туралы келісімге Мекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 87-ші отырысында қол қойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Су рестурстары және ирригация министрлігі мәліметінше, отырыс Түркіменстанның Ашхабад қаласында өткен. Кездесуге Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның су шаруашылығы ведомстволарының басшылары қатысты. Ал, Қырғызстан елінің өкілдері бақылаушы ретінде қатысты.
"Нәтижесінде, 1 сәуірге дейін еліміздегі Шардара су қоймасына 11 млрд текше метр су келеді деп күтіледі. Бұл 2025 жылғы суару маусымында еліміздің оңтүстік аймақтарына қажет су көлемін жинақтауға мүмкіндік береді", – делінген министрлік хабарламасында.
Отырысқа қатысушылар Сырдария және Амудария өзендері бассейндеріндегі су қоймаларының болжамды жұмыс кестесін бекітті, сонымен қатар 2024-2025 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне Орталық Азия елдеріне су беру көлемін айқындады.
"Келіссөздер мен бірлескен жұмыстың нәтижесінде біз Сырдария өзені бассейнінде суды тиімді бөлуге қол жеткіздік. Сондай-ақ, 86-шы отырыс қорытындысы бойынша бірлесіп атқарылған жұмысқа оң бағамды бергім келеді. Атап айтқанда, Қырғызстанмен су-энергетикалық ынтымақтастық туралы келісімдер жүзеге асырылды, сондай-ақ биыл суару маусымында "Бахри-Точик" су қоймасының жұмыс кестесін үйлестіру бойынша іс-шаралар қабылданды", – деді ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов.
МСШҮК келесі, 88-ші отырысы 2025 жылдың бірінші тоқсанында Душанбе қаласында өтеді.