Қазақстанға білім сапасын тәуелсіз бағалау жүйесі не үшін қажет?

Қазақстанға білім сапасын тәуелсіз бағалау жүйесі не үшін қажет?
ЖИ: Dalanews.kz

Qazaq Expert Club-тың шақырылған сарапшысы және білім беру саясаты саласының маманы Жазира Асанова Қазақстандағы білім сапасын бағалау жүйесін жетілдіру қажеттігі туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, елде білім беру саласына қатысты деректер жеткілікті болғанымен, нақты бір мектептегі білім сапасын толық бағалауға мүмкіндік беретін жүйе әлі қалыптаспаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстандық оқушылардың білім деңгейі қандай?

Сарапшының айтуынша, халықаралық зерттеулер қазақстандық мектептердің даму әлеуеті бар екенін көрсеткенімен, оқушылардың едәуір бөлігі негізгі білім дағдыларын қажетті деңгейде меңгермеген. PISA-2022 зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстандағы 15 жастағы оқушылардың тек 36 пайызы ғана оқу сауаттылығы бойынша ең төменгі деңгейге жеткен. Яғни оқушылардың 64 пайызы базалық көрсеткіштен төмен нәтиже көрсеткен. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде бұл көрсеткіш орта есеппен 26 пайыз.

Математика пәні бойынша қазақстандық оқушылардың 50 пайызы, ал жаратылыстану ғылымдары бойынша 45 пайызы ең төменгі деңгейге жете алмаған.

Креативті ойлау көрсеткіші де алаңдатарлық. Қазақстандық оқушылар бұл бағытта 60 балдың 24 балын жинаған. ЭЫДҰ елдеріндегі орташа нәтиже – 33 балл. Базалық деңгейге жеткен оқушылар үлесі Қазақстанда 47 пайыз болса, ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 78 пайызға тең.

Қазақстанның нәтижелері тұрақты ма?

Сонымен қатар сарапшы нәтижелерге тек теріс тұрғыдан қарауға болмайтынын атап өтті. 2018–2022 жылдар аралығында ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткіштері математикадан 15 балға, оқу сауаттылығынан 10 балға төмендеген. Ал Қазақстан осы бағыттар бойынша нәтижелерін сақтап қалып, жаратылыстану ғылымдары бойынша көрсеткішін жақсартқан. Бұл білім беру жүйесінің белгілі бір деңгейде тұрақтылығын көрсетеді.

TALIS-2024 зерттеуінің дерегі бойынша, Қазақстандағы негізгі мектеп мұғалімдерінің 59 пайызы жасанды интеллект құралдарын пайдаланады. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 36 пайыз ғана. Алайда ЖИ қолданбайтын педагогтердің 51 пайызы білім мен дағдының жеткіліксіздігін, ал 61 пайызы мектептерде қажетті инфрақұрылымның жоқтығын айтқан.

Негізгі мәселе неде?

Жазира Асанованың пікірінше, мәселе деректердің аздығында емес, олардың шашыраңқы болуында. Қазір халықаралық зерттеулер білім жүйесінің жалпы көрінісін береді, ҰБТ түлектердің бір бөлігінің дайындық деңгейін бағалайды, ал МОДО мектептердің шамамен төрттен бірін ғана қамтиды.

Сондықтан қазіргі таңда білім беру жүйесі туралы тек «орташа температураны» ғана көруге болады. Ал бұл көрсеткіштердің артында қала мен ауыл мектептері, үлкен және шағын жинақты мектептер арасындағы айырмашылықтар жасырынуы мүмкін.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанға әр мектептің жағдайын жеке бағалайтын ұлттық тәуелсіз диагностика жүйесі қажет. Бұл жүйе мектептердің рейтингін жасау немесе жаңа емтихан енгізу үшін емес, нақты мәселелерді анықтап, қажетті әдістемелік қолдау көрсету үшін жұмыс істеуі тиіс.

Әр мектеп үшін білім нәтижелері, олардың өзгеру динамикасы және оған әсер ететін факторлар көрсетілген арнайы диагностикалық профиль жасалуы керек. Онда оқыту сапасы, басқару тиімділігі, мектеп ортасы, балалардың әл-ауқаты және ата-аналармен жұмыс деңгейі ескерілуі қажет.

Білім сапасын арттыру үшін не өзгеруі керек?

Сарапшы білім беру жүйесін дамыту үшін бес негізгі бағытқа назар аударуды ұсынады:

  • педагогтерді даярлау және кәсіби дамыту сапасын арттыру;
  • мектептердегі басқару тиімділігін күшейту;
  • тәуелсіз ұлттық бағалау жүйесін қалыптастыру;
  • білім беру ортасын жетілдіру;
  • оқу бағдарламалары мен оқыту әдістемелерін жаңарту.

Оның пікірінше, бұл бағыттардың ешқайсысы жеке-дара нәтиже бере алмайды. Диагностика мәселені анықтап, басқару жүйесі қолдау ұйымдастырып, мұғалім тәжірибесін жетілдіріп, оқу бағдарламасы мақсатты белгілеп, мектеп ортасы оқушының дамуына жағдай жасауы тиіс. Сонда ғана білім беру жүйесі нақты өзгерістердің болғанын бағалап, әр баланың сапалы білім алуына мүмкіндік бере алады.