Франциялық танымал кинопродюсер Николя Альтмайер мен оның жұбайы, Dior сән үйінің қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Матильда Фавье Францияның батысында болған жол апатынан қаза тапты. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жол-көлік оқиғасы дүйсенбі күні болған. Ерлі-зайыпты отырған көлік басқа автомобильді басып озу кезінде қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан. Матильда Фавье 57 жаста, ал Николя Альтмайер 61 жаста болған.
Николя Альтмайер туған бауыры Эрикпен бірге Mandarin & Compagnie продюсерлік компаниясын басқарған. Ағайынды Альтмайерлер "OSS 117", "Brice de Nice" және Николя Саркозидің саяси мансабына арналған "Conquest" фильмдерін түсіруге атсалысқан.
2017 жылы ағайындылар Франциядағы жылдың үздік продюсерлеріне берілетін Даниэль Тоскан дю Плантье сыйлығын иеленген.
Ерлі-зайыптылардың қазасынан кейін кино, сән және саясат саласының өкілдері олардың жақындарына көңіл айтты. "OSS 117" фильмінде басты рөлді сомдаған актер Жан Дюжарден болған жағдайды "орасан қайғы әрі ауыр соққы" деп атады.