Алматы облысында ХҚКО қызметтік көлігімен жол апаты болды

Алматы облысында ХҚКО қызметтік көлігімен жол апаты болды
Көрнекі фото: kstnews.kz

Әлеуметтік желілерде Алматы облысында Халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) қызметкері қатысқан өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Желі қолданушыларының мәліметінше, ер адам қызметтік автокөлікпен зейнеткер әйелді қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған.

Полиция аталған жол апатының болғанын растады. Алдын ала мәлімет бойынша, 11 тамыз күні кешке Алматы – Шелек – Қорғас – Байсейіт тасжолында Kia Sorento көлігін басқарған 26 жастағы жүргізуші жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған 77 жастағы әйелді қағып кеткен. Салдарынан зейнеткер оқиға орнында көз жұмған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жүргізуші апаттан кейін оқиға орнын тастап кеткен. Алайда кейіннен ұсталып, қамауға алынған.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы басшылығы болған жағдайды жасыруға тырысты деген ақпарат та жарияланды. Жарияланым авторының айтуынша, жол апатына түскен қызметтік көлік бірнеше күн бойы жасырылып, оқиға туралы мәлімет орталық аппаратқа уақытылы жеткізілмеген.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жол апатына филиал қызметкерінің қызметтік көлікпен түскенін растады. Ведомствоның хабарлауынша, жүргізілген қызметтік тексерудің қорытындысы бойынша филиал директоры мен оның орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Мемлекеттік корпорация қызметтік көліктерді бақылаудың жеткіліксіз болғанын және қызметтік ақпараттың тиісті деңгейде ұсынылмағанын атап өтті. Ал көлік жүргізушісінің жауапкершілігі қылмыстық іс аясындағы тергеу мен сот қарауының нәтижесінде анықталмақ.