Әскери сарапшы Дархан Данияров Украина қарулы күштерінің Ресейдің әскери аэродромдарына бағытталған «Өрмек» атты операциясына Қазақстанның қатысы бар деген болжамдарды не шалағайлықтың, не әдейі жүргізілген ақпараттық шабуылдың нәтижесі деп санайды. Бұл туралы «Наша газета» басылымы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
– Соңғы уақытта кейбір ақпараттық арналарда «Өрмек» операциясына Қазақстан тарапынан көмек көрсетілгені жөнінде тұспалды айыптаулар тарап жатыр. Яғни, операцияға қажетті бөлшектер Қазақстан арқылы жеткізілген деген негізсіз мәлімдемелер тарауда. Кәсіби әскери сарапшы ретінде бұл айтылғандардың мүлде негізсіз екенін, тіпті не сауатсыз тұжырым екенін, не еліміздің беделіне нұқсан келтіруді көздеген мақсатты әрекет екенін ашық айтамын, – деді Данияров.
Сарапшы бұл пікірін нақты әрі тексеруге болатын деректермен бекіте сөйледі.
– Қазақстан әскери немесе кибероперациялар үшін маңызды болып саналатын құрамдас бөлшектерді өндірмейді. Елімізде жұмыс істеп тұрған бірде-бір зауыт осындай қосарлы мақсаттағы (яғни, бейбіт те, әскери де қолданысы бар – авт.) компоненттерді не тікелей, не жанама түрде шығармайды. Әсіресе, микроэлектроника, телекоммуникациялық құрал-жабдық пен күрделі есептеу жүйелері жөнінде сөз болса, – деп түсіндірді ол.
Дархан Данияровтың айтуынша, Қазақстан 2022 жылдан бері қосарлы мақсаттағы өнімдердің экспортын бақылауды айтарлықтай күшейткен. Сауда және қаржы министрліктерінің ресми деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың басынан бастап еліміз халықаралық міндеттемелер аясында экспорттық бақылауды күшейтіп, әскери мақсатта пайдаланылуы мүмкін тауарлардың реэкспортын болдырмау үшін арнайы бақылау тетіктерін енгізген.
– Қазақстан санкциялық режимді қатаң ұстанады және қандай да бір айналып өту сызбаларына жол бермейді. Еліміз ешқандай халықаралық қақтығыстың тарапына айналған жоқ. Біз бейтараптық пен теңгерімді саясатты берік ұстанып келеміз, бұл тек сөз жүзінде емес, нақты іспен дәлелденіп отыр. 2023–2024 жылдары қазақстандық құқық қорғау және кеден органдары санкцияны айналып өтуді көздеген бірнеше көлеңкелі логистикалық әрекетті әшкерелеп, заңсыз техникалар мен бөлшектерді шекарадан өткізбек болған жайттарға тосқауыл қойды. Бұл деректер – қылмыстық сипаттағы, оқшау оқиғалар. Ешбірі мемлекет деңгейінде жүзеге асқан жоқ, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, халықаралық тасымал тізбектері өте күрделі, ал тауарлардың соғыс аймағына жетуі бірнеше елдің аумағы арқылы өтеді.
– Тіпті қандай да бір өнімнің Қазақстаннан шыққанын елестеткен күннің өзінде, оның “Өрмек” операциясында пайдаланылғанына еш дәлел жоқ. Қазіргі тасымал жүйесі, әсіресе көлеңкелі нарықтағысы, көбіне үш-төрт түрлі юрисдикцияны басып өтеді, жалған фирмалар мен қолдан жасалған құжаттар арқылы жүреді. Мұндай жағдайда Қазақстанды айыптау – Швейцарияны қару жеткізді деумен бірдей, тек оның банкі арқылы ақша аударымдары өткен деп болжай отырып, – деп мысал келтірді әскери аналитик.
Дархан Данияров Қазақстан шетелдік қысым мен ақпараттық арандатулардың нысанасына айналып отырғанын атап өтті.
– Елімізді халықаралық қақтығыстарға тарту үшін түрлі ақпараттық шабуылдардың қолданылып жатқаны бірінші рет емес. Мұндай жалған айыптаулар Қазақстанды «айыпты ел» ретінде көрсетуге, ішкі тұрақтылықты шайқауға, елдің бейбітшілікке негізделген имиджіне көлеңке түсіруге бағытталған, – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, Ресей тарапының өзі де мұндай айыптауларға дәлел келтіре алмай отыр.
– «Челябі қоймасы» мен «қазақстандық із» туралы қауесеттер нақты деректермен расталмаған. Тіпті ресейлік Telegram-арналардың өзі: «Мәліметтер расталмады» деп жазуда. Қазақстанның «Өрмек» операциясына еш қатысы жоқ. Бұл жөніндегі барлық әңгіме – шет мемлекеттердің ақпараттық насихатының бір бөлігі немесе ішкі тұрақтылықты шайқауды көздейтін арандатушы күштердің ісі. Бұл – Ресей әуе қорғанысы мен барлау қызметінің нақты олқылықтарынан назарды бұрып, “сыртқы жауды” іздеуге бағытталған қадам, – дейді Данияров.
Ол Қазақстанның халықаралық нормаларды қатаң сақтайтынын, экспорттық бақылаудың ашық әрі тиімді жүйесін қалыптастырғанын және елдің бейтарап, бейбіт саясат ұстанатынын тағы бір мәрте еске салды.
– Ел ішінде мұндай қауесеттерге сенбеуіміз керек. Бұл – ақпараттық арандатудың үлгісі, ал біз ондайды дер кезінде ажырата білуіміз керек. Ақпаратқа сын көзбен қарап, медиа-мәдениетті арттыру қажет. Қазақстан – ешкімнің арқа жағы емес, бөтен соғыстың құралы да емес. Біз – егемен елміз, өз жолы бар, жауапты мемлекетпіз. Өзімізді арандатуға жол бермейміз, – деп қорытындылады әскери сарапшы.
Еске салайық, 2025 жылдың 1 маусымында Украина қарулы күштері «Өрмек» деп аталатын ауқымды әскери операцияны жүзеге асырды. СБУ-дың (Украина Қауіпсіздік қызметі) мәліметінше, жүк көліктерімен жасырын жеткізілген FPV-дрондардың көмегімен Ресейдің ішкі аймағындағы төрт әскери аэродром – «Дягилево», «Оленья», «Иваново» және «Белая» шабуылға ұшырап, 40-тан астам стратегиялық бомбалаушы ұшақ, соның ішінде Ту-95, Ту-22М3 және А-50 үлгілері жойылған. Бұл — соғыс басталғалы бері Ресей авиациясына жасалған ең ірі соққы ретінде сипатталуда. Операцияны СБУ басшысы Василий Малюк пен президент Владимир Зеленский тікелей бақылаған. Ресей билігі шабуыл фактісін мойындағанымен, келтірілген шығын көлемін жариялаған жоқ.