Қазақстандық жүргізушілердің бір бөлігіне жылдамдық режимін бұзғаны үшін айыппұл қате рәсімделген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәліметке сәйкес, 13-14 тамыз аралығында Бас прокуратураның Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне ақпараттық жүйесінде техникалық ақау орын алған. Соның салдарынан құқық бұзушылықтар бойынша нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде қателік кеткен.
Атап айтқанда, орташа жылдамдықты асыру фактілерінің бір бөлігі лезде тіркелетін жылдамдықты асыру ретінде рәсімделіп кеткен.
Қазіргі уақытта уәкілетті органдар аталған техникалық ақаудың салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ қате салынған айыппұлдарды төлеп қойған жүргізушілерге қаражатты қайтару тетігі әзірленуде.
Құзырлы мекемелер жүргізушілерді алаңдамауға шақырып, мәселе толық бақылауда екенін мәлімдеді. Техникалық ақау салдарынан туындаған барлық жағдайлар қайта қаралады.