Қазақстандықтардың денсаулық сақтау қызметтеріне жұмсайтын шығыны үш есе артқан

Қазақстандықтардың денсаулық сақтау қызметтеріне жұмсайтын шығыны үш есе артқан
2025 жылдың І тоқсанында қазақстандықтардың денсаулық сақтау қызметтеріне жұмсаған шығыны рекордтық деңгейге жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2025 жылдың І тоқсанында қазақстандықтардың денсаулық сақтау қызметтеріне жұмсаған шығыны рекордтық деңгейге жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы DATA HUB telegram арнасы мәлімдеді. 

Дереккөз мәліметінше, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросы жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша, халықтың аталмыш салаға жұмсаған жан басына шаққандағы орташа шығыны бір жылда 28,3%-ға артып, 3,6 мың теңгеден 4,6 мың теңгеге жеткен.

"Бұл – жалпы ақшалай шығындардың өсімінен үш есе көп және соңғы екі жылдағы ең жоғары көрсеткіш", – делінген ресми түсініктемеде.

Стоматология – ең қымбат қызмет

Денсаулық сақтау қызметтері ішіндегі ең ірі шығын категориясы – стоматологиялық қызметтер. Оған жұмсалатын орташа шығын 2,4 мың теңгені құраған. Бұл – инфляцияны есепке алмағандағы 26%, ал нақты өсімі – 11,8%.

Бюро түсіндіруінше, көрсеткіштер аз болып көрінуі мүмкін, себебі бұл есеп жалпы халық бойынша жүргізіледі және есеп беру кезеңінде әрбір азамат медициналық көмекке жүгінбеген. Зерттеу дерегі 12 мың үй шаруашылығынан жиналған ақпаратқа негізделген.

Аурухана қызметтері күрт қымбаттады

Азаматтардың шығыны ең жылдам өскен сала – ауруханалық қызметтер. Оның ішінде күндізгі стационар мен шипажай қызметтері бар. Бұл бағыттағы орташа жан басына шаққандағы шығын – 946 теңге. Номиналды өсім – 54,1%, ал нақты өсім – 39,8%.

Медқызмет пен диагностикада да өсім бар

Дәрігердің алғашқы қабылдауы мен жалпы медициналық қызметтерге кететін шығын инфляцияны ескермегенде 5,7%-ға өсіп, 559 теңгеге жеткен. Алайда нақты мәнде бұл көрсеткіш 5,1%-ға төмендеген.

Ал парамедициналық қызметтерге (медициналық зертханалар, рентген, медбике, акушерлік қызметтер) кеткен шығын бірден 27,6%-ға өсіп, 568 теңгеге жетті. Бұл нақты мәнде де 11,2% өсім көрсетіп отыр.

"Бейресми шығындар" да тіркелген

Ресми статистикада азаматтардың бейресми медициналық шығындары да есепке алынған. Оған мысалы, дәрігерге гүл мен сыйлық сатып алу секілді шығындар кіреді. Бұл бағытта жан басына шаққандағы орташа шығын – 121 теңге. Бір жылдағы өсім – 39,1%.

2025 жылғы І тоқсанда қазақстандықтардың жан басына шаққандағы орташа табысы 350,4 мың теңгеге жеткен. Бұл – инфляцияны есептемегенде 10,1% өсім. Ал нақты табыс деңгейі бір жылда небәрі 0,7%-ға өскен.