2025 жылдың қорытындысы бойынша «Лукойлдың» шетелдегі активтерінен айырылуы және олардың құнсыздануы салдарынан келген шығыны 1,667 трлн рубль болды. Бұл туралы компанияның қаржылық есебінде айтылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Компания санкциялар кесірінен мәжбүрлі түрде сатылған Lukoil International шетелдік бөлімшесіндегі инвестицияларын толық есептен шығарған.
2025 жылды ресейлік мұнай алыбы 1,059 трлн рубль көлеміндегі таза шығынмен аяқтады. Жалғасып жатқан қызметтен түскен таза пайда бір жыл ішінде сегіз еседен астам төмендеп, 96,652 млрд рубль болған. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 794,4 млрд рубль еді. Операциялық пайда да екі есе қысқарып, 1,067 трлн рубльден 526,6 млрд рубльге дейін азайған.
«Лукойл» шетелдегі активтеріне сатып алушыны қазан айының соңынан бастап іздей бастаған. Дәл сол кезде компания АҚШ-тың санкциялық тізіміне енген еді. Бұл активтерді мұнай трейдері Gunvor сатып алмақ болған, алайда мәміле іске аспады. Оған АҚШ тарапы кедергі келтірген. Елдің Қаржы министрлігі компанияны «Кремльдің қуыршағы» деп атаған.
Қаңтар айында «Лукойл» америкалық Carlyle инвестициялық компаниясымен алдын ала сату келісімін жасағанын мәлімдеді. Алайда бұл мәмілеге АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) рұқсат беруі керек.
Соған қарамастан, «Лукойл» басқа да ықтимал сатып алушылармен келіссөзді жалғастырған. Reuters мәліметінше, олардың қатарында Chevron да болған.
