Қазақстандықтар енді Катарда заңды түрде жұмыс істей алады

Қаракөз Амантай 18 жел. 2025 11:28

Қазақстан мен Катар арасындағы ҚР азаматтарын жұмысқа орналастыру туралы келісім ресми түрде күшіне енді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қатар тарапы барлық ішкі мемлекеттік рәсімдердің аяқталғаны жөнінде хабарлама жолдаған.

Құжатта мамандарды іріктеу және жұмысқа орналастыру тәртібі бекітіліп, қазақстандық азаматтардың әлеуметтік және еңбек құқықтарына кепілдік беріледі. Атап айтқанда, оған әуе билетін төлеу, тұру шығындары мен медициналық қызмет көрсету, еңбек шарттарының айқын белгіленуі, демалыс беру, сондай-ақ еңбек келісімшарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда құқықтарын қорғау кіреді.

Келісімнің орындалуын бақылау үшін бірлескен комитет құрылады, ал Қатар жұмыс берушілерінің барлық бос жұмыс орындары арнайы порталға орналастырылады.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, осындай келісімдер Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, БАӘ, Жапония және бірқатар Еуропа елдерімен де пысықталып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар