Қазақстандық оқушылар робототехника бойынша сегіз әлем чемпионатына қатысады

Ақтоты Жапатова 26 ақп. 2025 10:55 292

Алматыда робототехника мен дрондар жарысы бойынша қала әкімінің Кубогы үшін ірі чемпионат – Almaty Tech Cup 2025 жарысы өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz 

Сайысқа Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Үндістан, Түрікменстан және Өзбекстаннан 3000-нан астам адам қатысты. Олар «DIVE» тақырыбы аясында суасты әлемін зерттеу мен экологиялық мәселелерді шешуге арналған инновациялық жобаларын ұсынды.

Әлем чемпионатына кімдер барады?

Almaty Tech Cup 2025 жеңімпаздары 2025 жылғы 16-19 сәуір аралығында Хьюстонда (АҚШ) өтетін әлемдік робототехника чемпионатында Қазақстанның атынан қатысу құқығын иеленді.

FIRST Tech Challenge аға санатында Алматыдағы НЗМ ХБН мектебінің PID командасы Алматы әкімінің бас Кубогын жеңіп алып, Хьюстонға жолдама алды. Сондай-ақ, АҚШ-та өтетін әлем чемпионатына Қарағанды облысының «Мұрагер» лицей-интернатынан JelToqSun командасы, Алматының «Білім-инновация» лицей-интернатынан SANA командасы және Алматының ФМН НЗМ-нан Cristabol командасы да қатысады.

FIRST LEGO League Challenge орта санатында Қарағанды облысының «Мұрагер» ММЛИ-дан RassLexx және Астанадағы жеке білім беру орталығынан SKILLSET командалары жеңімпаз атанды.

FIRST LEGO League Explore кіші санатында SATURN Robotics School (Павлодар облысы) мектебінің Atlantis командасы әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды. Олар Қазақстанның алғашқы терең су асты базасын жобалап, оны тұрғын модулі, жылыжай, басқару орталығы және ғылыми-зерттеу институтынан тұратын кешен ретінде ұсынды.

Мұхитты зерттеу үшін батискафтар мен дрондар, ал энергия өндіру үшін гидротурбиналар мен «Slithy Toves» инновациялық электр станциясы қолданылмақ. Браконьерлікпен күресу үшін акула-дрондар, ал мұхитты қорғау мақсатында су астында литий өндірудің инновациялық әдісі жасалды.

Халықаралық жарыстарға квоталар

Хьюстонға жолдамадан бөлек, Almaty Tech Cup 2025 қатысушылары басқа да беделді халықаралық турнирлерге шақырту алды. Алматының «Білім-инновация» лицей-интернатының SEN командасы 2025 жылғы 22-24 мамыр аралығында Мексиканың Монтеррей қаласында өтетін Mexico Premier Event-те өнер көрсетеді.

Алматының республикалық физика-математика лицейінен Bolt.m3 командасы 2025 жылғы 4-5 сәуірде АҚШ-тың Уэст-Спрингфилд қаласында өтетін New England Premier Event-ке шақырылды. Алматының жеке мектебінің MLP Prometheus командасы 2025 жылдың 2-5 шілдесі аралығында Нидерландының Эйндховен қаласында өтетін European Premier Event-те өнер көрсетеді.

Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінің KIROSHI командасы Қазақстан атынан Лондон, Ұлыбританиядағы жарыстарға қатысады. Ал Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің xCellence командасы 2025 жылғы 14 маусымда Жетісу облысының Жыланды ауылында өтетін Zhylandy International Championship-ке қатысады.

Жүлделер мен әлем чемпионаттарына жолдамадан бөлек, қатысушылар Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім гранттары мен ақшалай сыйлыққа ие болды. Грант бөлген университеттер қатарында SDU University, Energo University, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, AlmaU, KBTU, METU University және Turan University бар.

FIRST чемпионаты туралы

FIRST (For Inspiration and Recognition of Science and Technology) – STEM бағытындағы халықаралық білім беру бағдарламасы. Қазақстандық оқушылар үш жыл қатарынан әлем чемпионы атанып, FIRST Global Challenge жарыстарында жеңіске жетіп келеді.

Әсіресе, Қазақстан робототехника бойынша 190 елдің арасында үш дүркін әлем чемпионы болып, 2024 жылы Афинада рекорд орнатқанын атап өту қажет.

Almaty Tech Cup 2025 ұйымдастырушылары: Алматы қаласы білім басқармасы, USTEM Foundation ҚҚ, «Ashyq Aspan» ғылыми-білім беру қоры және «Дарын» РҒПО. Жоба Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар