Соңғы жылдары жасанды интеллекттің дамуы және оның білім беру саласына жекелеген тәжірибелер мен процестер арқылы енуі кең таралған құбылысқа айналды. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, ЖИ-ді енгізу зияткерлік қызметпен байланысты салаларда, соның ішінде білім беру жүйесінде ауқымды өзгерістерге әкелетін негізгі факторлардың бірі болмақ. Бұл үрдіс Қазақстанда да байқалады. 2025/2026 оқу жылынан бастап Қазақстандағы медициналық жоғары оқу орындарының студенттері «Жасанды интеллект негіздері» пәнін оқитын болады,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың айтуынша, медицина бағыты бойынша білім беру бағдарламасы жаңартылып, екінші курс студенттеріне арналған жаңа пән енгізілген. Сабақ барысында жасанды интеллекттің практикалық құралдарымен интеграцияланған заманауи оқыту әдістері қолданылмақ.
«Ұлттық стандартқа сәйкес, практикалық сабақтарға дайындық барысында да жасанды интеллект элементтері енгізілді. 2025/26 оқу жылында “Жалпы медицина” мен “Педиатрия” білім беру бағдарламаларына элективті пән ретінде “Жасанды интеллект негіздерін” енгізу жоспарланып отыр», – деді ол.
Сонымен қатар, вице-премьердің айтуынша, ЖИ-ді толыққанды енгізу үшін сапалы медициналық деректердің бірыңғай базасын құру маңызды. Қазіргі уақытта мұндай деректер қоймасын жасау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жүйе емдеуді ұйымдастыруды, ресурстарды басқаруды оңтайландырып қана қоймай, ЖИ шешімдерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект пәнін ЖОО-ларға енгізудің артықшылықтары қандай?
Медициналық білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу — болашақ мамандарды XXI ғасырдың талабына сай дайындаудың бір жолы. ЖИ технологияларын меңгерген жас дәрігер:
-
Диагностикада деректерге негізделген шешім қабылдай алады. Бұл емдеу сапасын арттырады және адами қателікті азайтады.
-
Заманауи медициналық жабдықтармен жұмыс істеуге бейімделеді, себебі көптеген құрылғыларда ЖИ алгоритмдері қолданылып жатыр.
-
Пациенттерге жекелендірілген көмек көрсету қабілеті артады, себебі ЖИ әр пациенттің медициналық тарихына негізделген шешімдер ұсына алады.
-
Медициналық зерттеулер мен инновацияларға белсенді араласуға мүмкіндік алады, өйткені ЖИ биомедициналық мәліметтерді талдау үшін таптырмас құрал.
Сондай-ақ, ЖИ студенттердің өз бетімен білім алуын ынталандырады, оқу қарқынын жекелендіруге, өз білім деңгейін шынайы бағалауға мүмкіндік береді. Ал оқытушылар ЖИ көмегімен білім беру бағдарламаларын жетілдіріп, студенттердің үлгерімін нақты саралай алады.