Қазақстандық ерлі-зайыпты Сиднейдегі казиноны тақырға отырғызып кетті

Көркем Алдабергенова 01 жел. 2025 16:18

36 жастағы Дилноза Исраилова мен 44 жастағы күйеуі Алишериходжа Исраилов «Crown Sydney» казиносында жасырын камера мен арнайы құлаққап арқылы 1,18 млн доллардан астам ұтып алғаннан кейін алаяқтық жасады деп айыпталуда, деп хабарлайды Dalanews.kz "Криминальный Казахстан" телеграм арнасына сілтеме жасап. 

Полиция мәліметі бойынша, ерлі-зайыпты 2025 жылғы қазан айында Қазақстаннан Сиднейге келген. Сол күні олар казиноның мүшелік карталарын рәсімдеген. Қазан және қараша айларында ерлі-зайыпты казиноға бірнеше рет келіп, жалпы 1,18 млн доллар ұтқан. Казино әкімшілігі тұрақты ұтыстардан күдікке қалған.

27 қарашада казино қызметкерлері әйелдің Микки Маус бейнеленген футболкасынан миниатюрлі жасырын камераны байқап, полиция шақырған. Дилноза Исраилова мен оның күйеуі казино залында тұтқындалған.

Тергеушілердің айтуынша, ерлі-зайыптыдан кішкентай магниттік датчиктер, батареялар және камераны ойын үстелдерін бейнелеуге мүмкіндік беретін арнайы бекітпесі бар мобильді телефон алынған. Сондай-ақ полиция телефонға орнатылған өз қолдарымен жасалған айна қосымшасын да тапқан.

Жаңа Оңтүстік Уэльс полициясының нұсқасы бойынша, схема былай жұмыс істеген: ерлі-зайыптының телефондары үстелдегі карталарды түсіріп, миниатюрлі құлаққап арқылы оларға карта ойынында қандай "ставка" қою керектігі жөнінде нұсқау берілген.

Олардың казино маңындағы пәтерін тінту кезінде полиция басқа құмар ойын атрибуттарын, қымбат зергерлік бұйымдарды және 2000 еуро қолма-қол ақша табқан.

Жұма күні ерлі-зайыптылар қамауға алу шарасын анықтау үшін сотқа жеткізілген. Олар кепілге шығу туралы өтініш жасамаған және қамауда қалдырылған. Дилноза Исраилова сотқа қайтадан ақпан айында, ал күйеуі Алишериходжа Исраилов 11 желтоқсанда Дауннинг-орталығы сотында қатысады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар