Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны күшейтуді тапсырды.
"Есірткі бизнесімен күресті күшейту қажет. Өкінішке қарай, қазір есірткі саудасынан түскен табысты тексеру жұмысының тиімділігі төмен. Қылмыскерлердің заңсыз жолмен тапқан жеке мүлкімен қатар, басқа адамдардың атына рәсімдеген мүлкі де мемлекетке қайтарылуға тиіс. Қысқасы, қылмыстық жолмен иемденген мүліктің бәрін тәркілеу мәселесін мұқият пысықтаған жөн. Заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны күшейту керек. Бұл қадам халықаралық стандарттарға толық сай келеді", – деді Мемлекет басшысы.Президенттің сөзінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Ұлттық банкпен бірге коммерциялық банктердің заңсыз, күмәнді операцияларына бақылауды күшейту қажет.
"Жақында төраға Элиманов қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы "жөнелтілгені" туралы баяндады. Менің ойымша, бұл заңға, экономикаға, тіпті саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық қаржы схемаларына қатысты фактілер азаймай тұр. Осыған дейін айтқанымдай, бұл кесел әлеуметтік саланы да жайлады. Мемлекет қаржысын жымқырушылардың заңды белден басқан қомағай әрекеті еш ақылға сыймайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
