Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Қазақстанның кемшіліктерін шетелдік семинарларда асыра сілтеп көрсететін сарапшылар мен белсенділерді сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Жақында әлеуметтік желіден елге белгілі бір белсендінің шетелде сөйлеген сөзін көріп қалдым. Шынымды айтсам, қатты ашуландым. Қазақстанда соңғы жылдары саяси жағдай кері кетіп жатыр, демократия жоқ, азаматтардың пікір айтуға құқығы жоқ деп айтыпты. Осыны залда отырған шетелдіктерге жеткізіп отыр. Елде, рас, шешімін таппаған мәселе баршылық, оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ бәрін жаппай жоққа шығарып, елдің дамуын артқа кетті деп бағалау – әділетсіздік", – деді Қарин.
Ол Қазақстанның соңғы жылдары саяси реформаларды қолға алып, демократияға қарай қадам басқанын атап өтті.
"Егер бізде сөз бостандығы болмаса, жұрт саяси тақырыпты Youtube-те еркін талқылап, ешкімнен қорықпай сын айтпас еді. Қазір үш адам отырып алып, саяси подкаст жасайды. Кез келген мәселені талқылайды, кейде фактімен, кейде өсек-аяңмен. Егер жағдай айтқандарындай күрделі болса, осылай ашық талқылаулар болар ма еді?", – дейді Ерлан Қарин.
Сонымен қатар мемлекеттік кеңесші шетелдік қорлармен жұмыс істейтін кейбір сарапшылардың сыртта Қазақстан туралы жағымсыз пікір айтуы белгілі бір бизнес-жобаға айналып кеткендей әсер қалдыратынын жасырмады.
"Жақында қоғамдық алаңда жүрген бір әріптесім келіп, халықаралық қорлар Қазақстан бойынша жобаларды қысқартуға шешім қабылдағанын айтты. Себебі, елдегі жағдай жақсарыпты, бұрынғыдай қаржыландыруға қажеттілік жоқ көрінеді. «Сіз не айтқыңыз келгенін енді түсіндім» дейді әлгі әріптесім. Шын мәнінде кейбір белсенділер елдегі жағдайдың жақсарғанын мойындағысы келмейді, өйткені жағдай жақсарса, қаржы келмейді. Олар үшін Қазақстанды сыртта сынау – кәдімгідей бизнеске айналып кеткен. Сол үшін олар елді жаман етіп көрсетуге мүдделі", – дейді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, осындай әрекетке барып жүргендер көбінесе өздерін тәуелсіз сарапшы санайды, алайда шын мәнінде оларды шетелдік қорлар қаржыландырып отыр.
"Өз еліңде тұрасың, осы елден ақша табасың, бизнес-класпен шетелге шығасың, бірақ Қазақстанды жамандаудан танбайсың. Бұны қалай әділетті дей аламыз? Тәуелсіздік деген сол ма? Шындықты айтсақ, әділ болайық. Сын айтсақ та, бәріне бірдей талап қояйық. Сонда ғана қоғам дұрыс жолмен жүреді", – деп түйіндеді Ерлан Қарин.