Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға кедергі болып келген ең басты фактор – қаржы мәселесі шешімін тапқан. Бұлардың кураторы боп өткенде бұғатқа түскен "Царьград" сайтының иесі, олигарх Канстантин Малапеев бекітілген.
Бірігу мотиві белгілі. Басты мақсат – сіз бен бізді "орыс әлемінің" өрісінен ұзатпау. Енді АҚШ пен Батысты қаралайтын контент көлемі күрт ұлғаятыны айтпаса да түсінікті. Тек бір нюанс бар...
Ресей пропагандасы трансформацияға ұшырап, оң-солын танып алған қазақ қоғамына қай жағынан келерін білмей дағдаруда.
Малапеевтің (куратордың) ұсынысы бойынша Телеграмдағы орыстілді арналар еліміздегі Ресейге елегізіп отырған аудиторияны үрей құшағына ендіруі тиіс. Оның жалғыз жолы – дезинформацияны үйіп-төгу.
Dala Inside арнасы анықтағанындай жұмыс 3 бағыт бойынша жүреді.
Куратордан түскен алғашқы тапсырма «Қазақстанда АҚШ-тың биолаботориясы ашылады...» деген өтірік әңгімені өрттей өршіту.
Телегадағы «Бараева», «Взляд на восток», «Balbaltas», «Asia Today», «Сегодня.kz» секілді арналар: «ГосДеп Украинадағы 30-ға тарта биолабораторияны Қазақстанға көшіреді. Үш миллионға жуық орысы бар ел биологиялық сынақ алаңына айналады» деген қауесетті бірінен соң бірі іліп әкетуде.
Екінші бағыт: қазақ билігіндегі ұлтшыл азаматтарға соқтығу. Асхат Ниязов пен Берік Әбдіғалидің сұхбатын көрген бұлар Ұлытау әкімінің орыстілді блогерлерден қаймығатынын аңғарған.
Әбдіғалидің әлсіз жерінен ұстау процесі басталып кетті. «АҚШ-та идеологиялық дайындықтан өткен адам басшылық қызметте отыр» деген ақпаратты «проресейлік» аудиторияның құлағына құюда.
Үшінші бағыт Малапеевтің (куратор) өзіне қатысты. «Царьградтың» қожайыны қаласа Ақпарминнің басшысын орнынан қозғай алады» деген тезис дайын тұр.
Айта кетелік, экс-Ақпарат министрі Асқар Омаровты «русофоб» деп алғаш айыптаған осы «Царьград» еді. Омаров бұл орында ұзақ аялдаған жоқ. Малапеевке тиесілі сайтты бұғаттаған Дархан Қыдырәлі де көп ұзамай қызметтен кетті.
Ресейлік олиграхтың бұлардың отставкасына ықпал етпегені анық. Десе де, еліміздегі «проресейлік» арналарға ақпаратты осы тұрғыдан тарату міндеті жүктелген.
Dala Inside атын атап, түсін түстеген арналар бір орталықтан басқарылады, олардың контентін әзірлеуге еліміздегі ресейшіл сарапшылар атсалысады (бұларды бұғаттау мәселесінде көмек көрсетуге дайынбыз).
Ал Балаеваның бас ауруы көбейейін деп тұр. Аида Ғалымқызы провокацияны қалай ауыздықтайды?
Жаңа Қазақстан Ресейге жұмыс істейтін агенттердің есім-сойын жария етуге батылы бара ма, мәселе сонда.