Қазақстандағы ең ірі партия съезд өткізгелі жатыр

Dalanews 01 ақп. 2023 09:07 707

«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов партияның кезектен тыс XXV съезін шақыру туралы Қаулыға қол қойды. Бұл туралы партияның Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Съезд 7 ақпанда Астана қаласында өтеді.

Съезд жұмысына еліміздің барлық аймағынан делегаттар қатысады. Осыған орай партияның Орталық аппараты өңірлік филиалдармен бірге дайындық жұмысын бастады.

Бүгінгі таңда «AMANAT» қатарында 800 мыңға жуық қазақстандық бар. Партияда 249 филиал мен 3956 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Сөзсіз, «AMANAT» - Қазақстандағы ең ірі партия.


Партия съезінде оның сайлауалды тұғырнамасы, өткен жылдың жұмыс нәтижесі, болашақ бағыты бағдарланатын болады.

2022 жылы партия модернизация бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Аймақтағы әкімдер партиядағы қызметтерін босатты. Оның орнына қоғам өкілдері келді. Жүйелі шешімдер қабылданған 4 съез өткізілді. Оның барысында «ADAL» партиясы «AMANAT» партиясына қосылды, Президент сайлауына біріңғай кандидат ұсынылды, партияның саяси платформасы бекітілді.

Халықпен кері байланыс жүйесі дамытылды. Жаңа партиялық жобалардың барлығы халықтан келіп түскен ұсыныстар бойынша жасалды. «Жер аманаты» республикалық және өңірлік комиссиялары пайдаланбайтын 3 миллион гектар жерді мемлекет меншігіне қайтаруға септігін тигізді.

Қазір партия жанынан Жобалық кеңсе жұмыс істейді. Осы орган халықтан түскен барлық ұсыныстарды жинақтап, олардың негізінде партия жобаларын әзірлеуде.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар