Kaspi банктің акционері, Қазақстанның ең қалталы азаматының бірі Вячеслав Ким Jusan банкін сатып алуға ниетті. Бұл туралы Manualanomics арнасы өз дереккөзіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. Оған сәйкес, Ким Jusan Bank-тің қазіргі иесі, Ахметжан Есімовтің экс-күйеубаласы Ғалымжан Есеновке тиесілі бүкіл акциялар пакетін (99,74%) иеленбек, деп жазады Dalanews.kz.
Jusan Bank-тің иесі ауысатыны және даму стратегиясының өзгеретіні бұған дейін де айтылып жүрген. Егер реттеуші органдар келісім берсе, жақын арада банктің жаңа меншік иесі Вячеслав Ким болмақ. Қазір Kaspi активтер көлемі бойынша елімізде екінші орында тұр (8,2 трлн теңге), Jusan – алтыншы (3,3 трлн теңге) орында.
Jusan Bank 2017–2020 жылдары мемлекеттен 1 трлн теңге көмек алған. Әзірге, бұл қарызды кім қайтаратыны белгісіз.
Bloomberg-тің пайымдауынша, 6,7 млрд доллары бар Вячеслав Ким нашар несиелер мәселесін Есеновке қарағанда тиімдірек шеше алады. Өткен жылы Jusan 100 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік көмекті қайтарған болатын.
"Банктің жаңа стратегиясы кәсіпорындарды несиелендіруге және кепілді займдарға, соның ішінде ипотекалық кредиттерге бағытталуы мүмкін, осылайша ол Kaspi-мен тікелей бәсекеге түспейді", - дейді осы тұста Bloomberg.
Бұған дейін сайтымызда "2024 жылы қазақстандық төрт банктің акционерлері құрамында ауыс-түйіс болды" деген мақала жарияланған болатын.