Еліміздегі бірнеше банк биыл жалақыны индексациялауды кейінге қалдыруы мүмкін. DALA INSIDE дереккөзінің сөзінше, супертабыс дәуірі 2025 жылмен бітті. Биыл барлығында проценттік түсім азаятындықтан, банктер ең кемі шығындарды өсірмеуге, қажет болған жағдайда тіпті қысқартуға да тырысатын болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кредиттен келетін кіріс төмендейді, және оған қоса жеке тұлғаларға берілген кепілсіз несиелер бойынша пайдаға баяғыдай 20% емес, енді 25 пайыз корпоративті табыс салығы салынып отыр.
"Банктерде ішкі паника басталды. Әсіресе акционерлердің көңіл-күйі жоқ. Олар баяғыдай жақсы дивиденд ала алмайтынын түсініп отыр. Балансында мемлекеттен алған қарыз бар банктерге енді тіпті оңай болмайды. Басқа да активтерін сатып жатқан ірі олигарх өз банкін сату бойынша келіссөздерді бастап кетті", - дейді, инсайдер.
Расымен, 2023–2025 жылдар банктер үшін "алтын кезең" болды. Жоғары базалық ставка арқасында өскен пайыздық мөлшерлемелер, белсенді тұтынушылық несиелеу және цифрлық сервистердің өсуі қаржы ұйымдарының кірісін бұрын-соңды болмаған деңгейге шығарды. Бірақ осы ойын ережесіне мемлекет енгізген үлкен өзгерістер биылдан бастап күшіне енді де, банкирлер мерекесі тез аяқталды.
Ұлттық Банк мәліметіне сай, тек ақпан айының өзінде банк сектордың жиынтық пайдасы өткен жылмен салыстырғанда 13,3 пайызға төмендеген. Бұл 2019 жылғы дағдарыстан бергі ең әлсіз нәтиже. Қаңтарда да дәл осындай төмендеу тіркелген. Яғни бұл бір реттік құбылыс емес, жүйелі өзгерістің белгісі. Нарықтағы ең ірі ойыншылардың өзінде табыстың қысқаруы байқалады.
Билік банктердің халыққа беретін несиелеріне талаптарды қатаңдатқан еді. Банктер үшін ең табысты сегмент тұтынушылық кепілсіз несиелер болып келді. Адамдар белсенді түрде несие алып, банктер жоғары пайызбен табыс тауып отырды. Енді бұл нарық тежеле бастады. Қарыз алушыларға қойылатын талаптар күшейді, тәуекелдер мұқият есептелетін болды. Оған қоса, пруденциялық нормативтер күшейді. Қарапайым тілмен айтқанда, банктер енді бұрынғыдай еркін ақша айналдыра алмайды. Оларға көбірек резерв ұстап отыру міндеттелді. Мысалы, ең төменгі резервтік талаптардың өсуі банктерді шамамен 3 триллион теңгені айналымнан шығарып, «қатып қалған» резервке жіберуге мәжбүрлейді. Бұл ақша енді несие ретінде экономикаға жұмыс істемейді, тиісінше банктер де одан табыс таба алмайды.
Мұның бәрі инфляцияны тежеу үшін жасалып отыр. Ұлттық Банк артық ақша массасын қысқартып, бағаның өсуін бақылауға алғысы келеді. Банктерге қойылатын талаптар күшейген сайын, қаржы нарығында басқа ойыншылардың рөлі арта бастайды. Микроқаржы ұйымдары мен кредиттік серіктестіктер үшін жағдай салыстырмалы түрде жеңілірек. Оларда реттеу жұмсақтау, сондықтан олар кейбір сегменттерде банктерге қарағанда икемдірек жұмыс істей алады. Бұл нарықтағы тепе-теңдікті өзгертіп, банктердің үлесін қысқартуы мүмкін.
Енді банктерге тәуекелді төмендету, тиімділікті арттыру, жаңа өнімдер ойлап табу сынды жаңа жағдайға бейімделу керек. Әзірге олар ең оңай жолдан – шығындарды қызметкерлер есебінен қысқартудан бастап отыр.
