Қазақстандағы әр сегізінші өнімде заңбұзушылық бар: азық-түлік алаяқтығы қалай жұмыс істейді

Көркем Алдабергенова 13 нау. 2026 11:02

Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, азық-түлік алаяқтығынан болатын жаһандық шығын жылына 40–50 млрд долларды құрайды. Адал емес өндірушілердің ең кең таралған тәсілі - қымбат ингредиенттерді арзанырақ баламалармен алмастыру.

«Мысалы, арзан балық түрлері лосось немесе тунец ретінде сатылуы мүмкін, ал сүт өнімдері су немесе өсімдік майларымен сұйылтылады. Сондай-ақ таңбалаумен манипуляция жасау да жиі кездеседі: құрам туралы бұрмаланған мәліметтер немесе жалған сертификаттар көрсетіледі», - деп жазады Qazaq Expert Club-тың азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі сарапшысы Лаура Аутелеева өзінің Telegram-арнасында.

Оның айтуынша, Қазақстанда өнімнің қауіпсіздігін сату кезеңінде бақылауды Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жүзеге асырады. Сәйкес келмейтін өнімдердің (тауарлардың) тізілімі бар.

«Азық-түлік өнімдерін зерттеу нәтижелерін талдау деректеріне сәйкес, - дейді сарапшы, - 2025 жылдың 10 айында зерттелген 16 181 үлгінің 12,4%-ы (1 942 сынама) белгіленген талаптарға сәйкес келмеген.

Бұзушылықтардың негізгі бөлігі таңбалауға қатысты: барлығы 1 631 жағдай, бұл анықталған барлық сәйкессіздіктердің 90%-дан астамын құрайды.

Жекелеген санат - фальсификация жағдайлары: 130 сынама (6,87%). Сәйкессіздіктер Алматы, Астана, Қарағанды, Павлодар, Шымкент, Қызылорда, Өскемен және басқа да қалаларда тіркелген. Бұл ретте жарияланған деректер тек нақты партиялар мен өндірілген күндерге қатысты екенін ескерген жөн - нәтижелерді түсіндіру кезінде бұл маңызды».

Ең жиі кездесетін фальсификация түрлері мыналар: спредтер мен маргариндерде транс-изомерлердің жоғары мөлшері, сүт өнімдеріндегі май қышқылдарының құрамының сәйкес келмеуі, сүт майын өсімдік майымен алмастыру, ДНҚ-талдау бойынша сәйкессіздіктер (мысалы, қой етінде құс ДНҚ-сының болуы немесе құрамында болуы тиіс өнімдерде сиыр ДНҚ-сының болмауы), балды қолдан жасау (сироп қосу немесе қыздыру арқылы), шай құрамында синтетикалық бояғыштарды қолдану (мысалы, тартразин E102 және «сары күн батуы» E110), бірақ олар жапсырмада көрсетілмейді.

«Қазақстанда қолданыстағы бақылау жүйесі маңызды рөл атқарады, алайда тексерулер көлемі шектеулі және барлық бұзушылықтардың алдын алуға толық мүмкіндік бермейді. Тәуекелдерді азайту үшін: өнімді әкелу, сақтау және сату кезеңдерінде бақылауды күшейту, өнімнің шығу тегін қадағалау жүйелерін енгізу, сондай-ақ тұтынушылардың тауарлардың сапасы мен құрамы туралы хабардарлығын арттыру қажет», - деп қорытындылады Лаура Аутелеева.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove