Қазақстанда халық саны жаңа межеден асты

Қазақстанда халық саны жаңа межеден асты
Shutterstock

Қазақстанда халық саны 20,6 миллионнан асты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан халқы 20 604 819 адамға жеткен.

Жыл басынан бері халық саны 104 997 адамға артқан. Осылайша көрсеткіш жаңа межеге жетті.

Ең көп халық Алматыда (2,38 миллион адам), Түркістан облысында (2,14 миллион адам) тұрады. Астанада халық саны бір айда шамамен 8 мың адамға көбейіп, 1,69 миллионға жетті. Елордада халық өсімінің ең жоғары қарқыны тіркелді.

Қазақстандықтардың 13,2 миллионы қалаларда, ал 7,39 миллионы ауылдық жерлерде тұрады. Жыл басынан бері қала халқы көбейсе, ауыл халқы 21 652 адамға азайған.