Бурабайды орысқұл қазақтар әлі «Боровой» дейді
Біз тек қана «Павлодар мен Петропавлдың атауын өзгерту керек» деп далақтап шапқылап өзге жерлердің атауын өзгертуді ұмытқан сияқтымыз. Шын мәнінде бізде бұл екі қаланың атауын өзгертуден басқа атқаратын жұмыстар жетіп артылады.
Нұр-Сұлтан қаласының жанындағы Бурабайды орысқұл қазақтар әлі «Боровой» дейді. Сөйтсе бұрын бұл жерде бірдеңе бұрғылаған мыс. Содан солай аталады екен.
Қостанай жақта Сосновый бор деген бар, Павлодарда «Иртыш», «Роща» деп кете береді. Біздің солтүстік өңірдегі демалатын көрікті жерлердің атаулары я орысша, я орыс тонын киген қазақша атаулар.
«Жер көлемі бойынша тоғызыншы орын аламыз» деп мақтанғанда кеудемізге нан пісердей болады. Бірақ ана атауларға қарап отырсаңыз, бұл жер бөтен біреудің жері сияқты күй кешесең. Одан бұл жерлердегі демалыс орындарының қызмет көрсетуші персоналдарының қазағы болсын, орысы болсын, міндетті түрде орысша сөйлейді... Ал бұдан кейін Ресейде жүргендей боласыз.
Ол ол ма, Елордадан 120 шақырым жерде, Ерейментау ауданында әдемі тау сілемдері бар. Сол жақтың біраз жұрты соны «Соколиные горы» деп атап демалушылар көбейді. Астана маңындағы қазақы аудандардың бірінде ол неғылған «Соколиные горы» десей шіркін. Тіпті айтудың өзі ұят.
Елорданың іргесінде «вячеславское водохранилище» дегені және бар.
Әр қырат, сай, төбесіне ат қоятын қазақ сол жерлерге ат қоймады дегенге кім сенеді?
Ол жерлердің көне қазақша төл атаулары болуы керек, алайда ол атаулар меніңше көлеңкеде қалды.
Мен бірде Бурабайда демалып жүргенде мынадай көрініске тап болдым. Бір қазақ турист жергілікті орыстан «мына таудың атауы не?» деп сұрағандай болды. Оған ана орекең «бұны Синюха деп атаймыз» деді.
Бұл Көкше ғой. Мағжан жырлаған Көкше.
Бұл жауапқа ана қазақ «ә» деп маңқиып тұрды да кетті. Ол не ойлап кетті, «ее мына жерлер бұрын орыс жері болған екен, біз бұны қазір отарлап жатыр екенбіз» деп кетті ме, итім білсін.
Жер атаулары үлкен саясаттың жарнамасы
Ал енді біздің Шығыс Қазақстан облысын нағыз жер жауһары десе де болады. Ол арада атажұрт Алтайдың батыс етегі біздің шекарадан бері жатыр. Ол жерде небір сұлу көлдер, асқар тау шыңдары, керемет жерлер бар. Ол жерлерді біраз қазақ білмейді.
Сол Алтай маңындағы көрікті өзен-көл, тау-шатқал, жер атауларының түгелге жуығы орысша десе де болады.
Глубокое, Серебрянск, Язевое, Рахмановские ключи тағысын тағы... Кете береді.
Бұл жерлерден теріскейге қарай Ресей шекарасы қол созым жерде тұр оны ары ассаңыз, Алтайский край, Барнаул...
Біздің Шығыс өңірдегі жерлердің Ресей облыстарынан айырмасы шамалы.
Мен 17-18 ғасырдағы Сібірді зерттеген орыс саяхатшыларының деректерін жиі қарап отырамын. Сонда байқағаным: Сібірдегі жер атауларының жартысынан көбі түркі атаулары. Орыс саяхатшылары бұл жерлердің түркіше атауын жазып оның мағынасын аударып отыруды ұмытпапты. Сібірдің орысша атауын иемденгені бертінде ғана болған нәрсе, оған шейін ол жерлерде түркі атауларынан көз сүрінеді.
Бізде де солай.
Бізге кейін көшіп келген переселендер Покровское, Семеновское, Васильевское деп өз атауларын таңды. Солай бұл жерлердің көне атаулары ұмыт болды. Қазіргі қазақтар бұл орысша атауларды қабылдап үлгерді.
Атауды қабылдады демекші, қазір Қытай Шығыс Түркістандағы біраз жер атауын, қалаларды қытай атауына көшіріп жатыр.
Енді бір отыз жылдан соң біздің балаларымыз қытай шекарасын асса, ол жерде қытай атауымен тұрған қытай әлеміне тап болады. Одан соң кейінгі қазақ ол жерлерді қытай жері деп еріксіз мойындайтыны анық. Ол солай. Жер атаулары дегеніміз – үлкен саясат. Ал мыңдаған жұрт топырлап барып демалатын жерлер сол саясаттың жарнамасы.
Меніңше, бізге Павлодар мен Петропавлдың атауын өзгертпес бұрын осы көзге ұрып мұрты бұзылмай тұрған атауларды өзгерту керек сияқты. Осының уақыты келді.
Олжас ӘБІЛ