Қазақстанда сиыр етін экспорттауға жаңа ереже енгізілуі мүмкін

Қаракөз Амантай 16 нау. 2026 10:51

Қазақстанда шаруа қожалықтарына сиыр етін экспорттауды жеңілдету жоспарланып отыр. Бұл туралы тиісті өзгерістер жобасы “Ашық НҚА” порталында жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жобаға сәйкес, экспортқа қатысатын шаруашылықтарға қойылатын талаптар қайта қаралмақ. Атап айтқанда, өзінде ет өңдейтін кәсіпорны бар фермерлік шаруашылықтар үшін ең төменгі талап 500 бас ірі қараға дейін төмендетілуі мүмкін.

Ал өз ет комбинаты жоқ, бірақ ірі көлемде мал ұстайтын шаруашылықтарға да шетелге өнім шығару мүмкіндігі берілмек. Егер мұндай шаруа қожалықтарында ірі қара саны 5 мың бастан асса, олар етті басқа ет комбинаттарының қызметін пайдалану арқылы экспорттай алады.

Сонымен қатар сиыр етін шетелге шығаруға алты айлық квота енгізу ұсынылып отыр. Жоспар бойынша жаңа сойылған, салқындатылған және мұздатылған сиыр етінің жалпы экспорт көлемі 20 мың тоннаға дейін болуы мүмкін.

Квота көлемі шаруашылықтағы мал басына қарай белгіленеді. Мысалы, шамамен 5 мың бас ірі қарасы бар фермерлік шаруашылықтар 1 мың тоннаға дейін ет экспорттай алады. 10 мың бас малы бар шаруашылықтарға 2 мың тоннаға дейін, 15 мың басы барларға 3 мың тоннаға дейін квота қарастырылмақ. Ал 20 мың бас малы бар фермаларға 4 мың тоннаға дейін, ең ірі – шамамен 50 мың бас малы бар шаруашылықтарға 10 мың тоннаға дейін ет экспорттауға мүмкіндік беріледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove