Қазақстанда шегірткемен күресу үшін 53 дрон сатып алынды

Көркем Алдабергенова 24 ақп. 2025 18:26 1064

Қазақстанда шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жүргізу мақсатында 53 дрон сатып алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Түркістан облысында дрондарды қолдану бойынша пилоттық жоба тиімділігін көрсеткеннен кейін, инвестициялық субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізілді. Енді агроөнеркәсіптік кешен субъектілері сатып алынған агродрондар мен жерүсті бүріккіштердің құнының 25%-ын мемлекеттен өтемақы ретінде ала алады.

Сонымен қатар, агродрондарды 5% жеңілдікпен ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу бағдарламасына енгізу бойынша «ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы жұмыстар жүргізілуде.

Үкімет резерві есебінен сатып алынған 53 дронның жетеуі шегірткенің дернәсілдерін бақылауға, ал қалған 46-сы химиялық өңдеу жұмыстарына қолданылады.

Биыл мамандар шегірткенің үйірлі түрлері 2,1 млн гектар аумаққа таралуы мүмкін деп болжап отыр. 5000 маман 38 млн гектар жерді зерттейді. Сондай-ақ, бүрку техникасының саны 443 бірлікке дейін көбейтіледі. Жұмыстарды үйлестіру үшін барлық облыстарда жедел штабтар құрылмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар