Қазақстанда ішкі сауда көлемі артып, қазақстандық өнімдерді шетелдік нарықтарға шығару және дүкен сөрелеріндегі отандық тауарлардың үлесін көбейту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев биылғы қаңтар–маусым айларында сауда саласында тұрақты өсім сақталғанын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, алты айдың қорытындысы бойынша сауданың нақты көлем индексі 105,7% болды. Жалпы сауда көлемі 36,2 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,3%-ға артқан.
Оның ішінде көтерме сауда көлемі 24,5 трлн теңгені құрап, 6,6%-ға, ал бөлшек сауда көлемі 11,5 трлн теңгеге жетіп, 3,8%-ға өскен.
Министрдің сөзінше, жыл соңына дейін сауда көлемін кемінде 40 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Арман Шаққалиев барлық өңірде сауда саласында оң өсім байқалғанын айтты. Жалпы тауар айналымының 70%-дан астамы Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, сондай-ақ Атырау және Қарағанды облыстарына тиесілі.
Ең жоғары өсім Павлодар облысында – 125,3%, Солтүстік Қазақстан облысында – 121,8%, Түркістан облысында – 121,4% және Шымкент қаласында 121,8% деңгейінде тіркелген.
Министрдің айтуынша, оң серпінді сақтау үшін ішкі сауданы дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бүгінде сауда инфрақұрылымын дамыту аясында 978 жобаға 10 млрд теңге бөлінген.
Сонымен қатар министрлік отандық өндірушілерді қолдау шараларын күшейтіп жатыр. Сауда желілерімен бірлесіп қазақстандық өнімдерге арналған сөре кеңістігін кеңейту көзделген. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі жасалып, қазақстандық өнімдердің каталогы қалыптастырылып жатыр.
Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес әкімдіктермен бірге өнімсіз делдалдарға бақылау күшейтіліп, тауар қозғалысын кезең-кезеңімен қадағалау жүйесі енгізілген.
Министрдің мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде алты айдың қорытындысында азық-түлік тауарларының бөлшек саудасының нақты көлем индексі 9,5%-ға өсіп, өткізу көлемі 3,7 трлн теңгені құраған.
Арман Шаққалиев шикізаттық емес экспорт көлемі де артқанын айтты. Қаңтар–маусым айларында оның көлемі 14,6%-ға өсіп, 14,9 млрд АҚШ долларына жеткен.
Экспортты дамыту мақсатында жыл басынан бері Пәкістан, Қытай, Моңғолия, Солтүстік Македония, Таиланд, Нидерланд және Ауғанстанға 150-ден астам қазақстандық компанияның қатысуымен жеті сауда-экономикалық миссия ұйымдастырылған. Оның нәтижесінде 700 млн АҚШ долларынан астам сомаға экспорттық келісімшарттар жасалған.
Министрдің айтуынша, Экспорттық-кредиттік агенттік арқылы кәсіпкерлерге 400 млрд теңгеден астам қаржылық қолдау көрсетілген. Биыл агенттіктің капиталы 50 млрд теңгеге толықтырылып, жыл соңына дейін сақтандыру қолдауының көлемін 1,2 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар министрлік қазақстандық өнімдерді шетелдік сауда желілерінің сөрелеріне шығаруға арналған жаңа қолдау тетігін іске қосуды жоспарлап отыр.
Арман Шаққалиевтің айтуынша, бұл шаралар отандық кәсіпкерлердің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтіп, қазақстандық өнімдердің халықаралық нарықтағы үлесін арттыруға, жаңа өткізу нарықтарын ашуға және ел экономикасына қосымша валюта түсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.