Қазақстанда сары май өндірісі шамамен 50% артты

Қазақстанда сары май өндірісі шамамен 50% артты
pixabay.com

2026 жылдың қаңтар–сәуір айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда сары май мен күнбағыс майы өндірісі мен экспорты айтарлықтай өсті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Есепті кезеңде елімізде майлылығы 85%-дан аспайтын 13,8 мың тонна сары май өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,4%-ға көп.

Сары май экспорты да 40,4%-ға артты. Биылғы төрт айда шетелге 394,1 тонна өнім жөнелтілсе, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 280,7 тоннаны құраған. Қазақстандық сары май негізінен Ресей, Моңғолия, Қырғызстан және Беларуське экспортталды.

Осы кезеңде елге 2 242,2 тонна сары май импортталды. Ішкі нарықтағы импорттың үлесі 13,9% болды. Негізгі жеткізушілер қатарында Беларусь пен Иран бар. Ал ішкі нарықта төрт айда 15,7 мың тонна сары май сатылған.

Күнбағыс майы өндірісінде де өсім сақталды. Қаңтар–сәуір айларында қазақстандық кәсіпорындар 335,5 мың тонна тазартылған және тазартылмаған күнбағыс майын өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемін 13,2%-ға ұлғайтты.

Экспорт көлемі бұл өнім бойынша 49,6%-ға өсіп, 353,8 мың тоннаға жетті. Былтырғы осы кезеңде шетелге 236,4 мың тонна күнбағыс майы экспортталған болатын.

Қазақстандық күнбағыс майының негізгі сатып алушылары – Өзбекстан (153,2 мың тонна), Қытай (127,2 мың тонна), Ауғанстан (38,6 мың тонна), Тәжікстан (27 мың тонна) және Иран (4,9 мың тонна).

Сонымен қатар есепті кезеңде елге 47,9 мың тонна күнбағыс майы импортталды. Ішкі нарықтағы импорттық өнімнің үлесі 12,5% деңгейінде қалды. Биылғы қаңтар–сәуір аралығында Қазақстанның ішкі нарығында 29,7 мың тонна күнбағыс майы өткізілді.