Freedom Inside '26

Қазақстанда рақымшылық жарияланады: кімдер бостандыққа шығады?

Қазақстанда рақымшылық жарияланады: кімдер бостандыққа шығады?
Ашық дереккөз.

Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды мақұлдады. Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Заң жобасы рақымшылық жасаумен қатар қылмыстық, қылмыстық-процестік және әкімшілік заңнаманы жетілдіруге, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу тетіктерін жаңғыртуға бағытталған.

Сенатор Евгений Больгерттің айтуынша, рақымшылық қылмыстық құқықтағы дәстүрлі институттардың бірі саналады және көптеген елдерде тарихи маңызы бар оқиғаларға орай қолданылады. Оның сөзінше, Қазақстанның жаңа Конституцияны қабылдауы осындай маңызды оқиғалардың қатарына жатады.

Сонымен қатар сенатор рақымшылықтың барлық сотталғандарға бірдей қолданылмайтынын атап өтті.

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм қылмыстары үшін, сондай-ақ жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайды.

Құжатқа сәйкес, қылмыстық теріс қылық жасағандар, ауырлығы жеңіл қылмыс жасағандар, сондай-ақ келтірілген залалды толық өтеген немесе залал келтірмеген орташа ауырлықтағы жекелеген қылмыстар бойынша сотталған азаматтар қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босатылуы мүмкін.

Бірқатар сотталғандар үшін жазаның өтелмеген бөлігі қысқартылады.

Заң жобасын әзірлеушілер бұл бастама қылмыстық саясатты қайта қарау немесе қылмысқа жұмсақ қарау дегенді білдірмейтінін атап өтті. Керісінше, қоғамға аса қауіпті қылмыстар үшін жауапкершіліктің бұлтартпау қағидаты толық сақталады.

Евгений Больгерттің айтуынша, заң гуманизм мен қоғамдық қауіпсіздік арасындағы теңгерімді сақтауға бағытталған.

«Алдын ала есептеулер бойынша қылмыстық рақымшылық 16,5 мыңнан астам адамға қатысты болады. Оның ішінде 4 мыңнан астам азамат қылмыстық жауаптылықтан және жазадан толық босатылады, ал 10 мыңнан астам адамның жаза мерзімі қысқартылады. Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізіліп отыр. Азаматтар мен бизнестің қаржылық жүктемесін азайту үшін айыппұлдардың жекелеген түрлері есептен шығарылады. Ауқымы өте үлкен: тек Ішкі істер министрлігі бағыты бойынша рақымшылық жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын шамамен 1 миллион әкімшілік айыппұлды қамтиды. Жалпы алғанда рақымшылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 15 мемлекеттік органның құзыретіне кіретін 280 бабы бойынша жасалған құқық бұзушылықтарға қатысты қолданылады», – деді сенатор.

Оның айтуынша, заңда азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген.

«Бұл заң адамдарды жай ғана босатып қана қоймайды, сонымен бірге Үкімет пен әкімдіктерге олардың қайта әлеуметтенуіне нақты қолдау көрсету міндетін жүктейді. Атап айтқанда, жалғызбасты мүгедектігі бар адамдарды, зейнеткерлерді және тұрақты тұрғылықты жері жоқ азаматтарды арнайы орталықтарға орналастыру, еңбекке қабілетті адамдарды жұмысқа орналастыру, сот тағайындаған емдеу шараларын жалғастыру, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды білім алуына кепілдік бере отырып, отбасыларға немесе интернаттарға орналастыру көзделген. Бұл заңдар пакеті Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру жөніндегі бағытына толық сәйкес келеді», – деді Евгений Больгерт.

Құжаттағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылықтың енгізілуі.

Құжаттағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылықтың енгізілуі.

Егер бұған дейін рақымшылық актілері тек қылмыстық салаға қатысты болса, енді азаматтар, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен заң консультанттары төленбеген әкімшілік айыппұлдардан немесе олардың қалған бөлігінен босатылады.

Рақымшылық қолданылғаннан кейін тиісті атқарушылық өндірістер тоқтатылады.

Сонымен бірге әкімшілік рақымшылық қоғамдық қауіпсіздікке, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, сондай-ақ мемлекеттің мүддесіне қарсы жасалған құқық бұзушылықтарға қолданылмайды.

Заң жобасында рақымшылық рәсімдерін цифрландыру мәселесі де қарастырылған. Осы мақсатта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жаңа бап енгізіледі.

Оның аясында Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі арқылы рақымшылыққа ілігетін адамдардың тізімі автоматты түрде қалыптастырылып, шешімдер электронды форматта қабылданады.

Әзірлеушілердің пікірінше, бұл бюрократиялық рәсімдерді қысқартып, шешім қабылдау процесін жеделдетуге және рақымшылық актілерінің орындалу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, заң жобаларында қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіруге бағытталған түзетулер де бар. Атап айтқанда, айыптау актісіне қойылатын талаптар, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелерін рәсімдеу тәртібі және қылмыстық процесті аяқтау тетіктері нақтыланады.

Бұл өзгерістер құқық қолдану тәжірибесін біріздендіруге, процессуалдық құжаттардың сапасын арттыруға және қылмыстық сот ісіне қатысушылардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған.

Сенат мақұлдаған заң енді Мемлекет басшысының қол қоюына жолданды.