Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылдары айтқан маңызды сөздері мен баяндамаларынан құралған «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітап жарық көрді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жинаққа Мемлекет басшысының 1994 жылдан бергі архивтік материалдары мен соңғы сөздерінен іріктелген үзінділер енгізілген. Басылымда Қазақстанда және халықаралық алаңдарда айтылған негізгі ойлар топтастырылған.
Кітап 21 тақырыптық бөлімнен тұрады. Онда заң үстемдігі, қоғамдық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару, білім, жастар, цифрландыру, ұлттық бірегейлік, экологиялық мәдениет және «Таза Қазақстан» бастамасы секілді бағыттар қамтылған.
Жинақ мемлекеттік қызметшілерге, оқытушыларға, студенттерге, зерттеушілерге және Қазақстанның қазіргі тарихына қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған. Алдағы уақытта кітап қоғамдық кітапханаларға, жоғары оқу орындарына, колледждерге, саяси партияларға және жастар ресурстық орталықтарына таратылмақ.
Кітаптың жарық көргені туралы әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында саясаттанушы Арман Қырықбаев бұл жинақты Мемлекет басшысының Қазақстанды әділетті, қауіпсіз және өркендеген елге айналдыруға бағытталған ұстанымдарының сөзбен берілген көрінісі деп бағалады.
Оның айтуынша, жинаққа енген ойлар Президенттің соңғы 30 жылдан астам уақыт ішінде қалыптасқан көзқарастары мен құндылықтарын көрсетеді.
«Осы жинақты құрастыру кезінде көзіміз жеткен анық жайт, күрделі әрі өтпелі кезеңде мемлекетке басшылық ететін тұлғаның ел болашағы мен ұлт сапасы туралы көзқарасы ондаған жыл бұрын қалыптасқан. Кейін бұл ұстанымдар өмірлік және кәсіби тәжірибе арқылы жүйеленіп, бүгінгі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына айналды», – деп жазды Арман Қырықбаев.
Сондай-ақ ол кітаптың мақсаты Президенттің жүргізіп отырған саясатының негізгі қағидаларын оның өз сөздері арқылы көрсету екенін атап өтті.
«Мемлекетіміздің бүгіні мен ертеңін ойлайтын, елдің даму бағытын тереңірек түсінгісі келетін азаматтарды осы кітапты оқуға шақырамын», – деді ол.