Қазақстандық ғалымдар алғаш рет өзіміздің отандық микрочипті жасап шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл – еліміз үшін ғылым мен технологиядағы жаңа дәуірге жасалған нақты қадам. Назарбаев Университетінің зерттеушілері еліміздегі алғашқы микропроцессорды құрастырып, жартылай өткізгіштер индустриясына жол ашты.
Бұл микрочиптің жасалуына Назарбаев Университетімен бірге Қытай ғылым академиясының Университеті, Бейжің ашық бастапқы кодтар институты және TEXER.AI стартапы қолдау білдірген.
Жаңа чип жоғары өнімділікті емес, тұрақты әрі сенімді жұмысты талап ететін автоматтандырылған құрылғыларда, мысалы, логикалық басқару контроллерлерінде қолдануға арналған.
“Дайын процессорды әзірлеп, сынақтан өткізу үшін бізге үш ай уақыт қажет болды. Бұған дейін де қарапайым прототиптеріміз бар еді, сондықтан оған тез бейімделдік. Ал ең көп уақытты алған процесс – микрочипті нақты өндіру (фабрикация) кезеңі болды”, – дейді Назарбаев Университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің ассистент-профессоры Нұрсұлтан Қабылқас.
Зерттеу жүргізуге университеттің эндаумент-қоры мен Назарбаев зияткерлік мектептері қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсеткен.
“Біздің командамыз – өте талантты, еңбекқор әрі жаңалыққа жаны құмар жастар. Олар негізінен Назарбаев Университетінің студенттері мен түлектері, университеттің зертханаларында белсенді жұмыс істеп жүрген мамандар”, – деп атап өтті инженер.
Осылайша, Қазақстан өзінің жоғары технологиялар саласындағы алғашқы микрочипін жасау арқылы цифрлық дамуда маңызды межені бағындырып отыр. Бұл жетістік елдің ғылыми-техникалық әлеуетін арттырып, болашақта отандық өндірісті дамытуға серпін берері сөзсіз.