Мәжілісте Ішкі істер министрлігінің ниқабқа тыйым салу туралы бастамасы қаралып жатыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аида Балаеваның айтуынша, бұл жөнінде арнайы заң жоқ, бірақ мәселе талқылану үстінде.
“Мен нақты айтып өткім келеді: бұл бойынша жеке заң жоқ. Бірақ Ішкі істер министрлігі тарапынан әзірленген норма бар. Ол ниқаб киюге тыйым салуды көздейді. Қазір бұл норма мәжілісте. Мәжілісте өз тәртібі бар, менің білуімше, бірінші оқылымда талқыланып жатыр немесе талқыланып қойған”, – деді министр.
Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны туралы айтып, киім үлгісіне ұлттық реңк беру идеяны қолдаған еді. Мұнда ол бет-жүзді тұтастай жауып тұратын қара киімдерден гөрі, ұлттық нақыштағы киім киген дұрыс екенін айтқан.
“Наурызнамадағы “Ұлттық киім күні”қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс.
Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек", - деді президент.