Қазақстанда микро және шағын бизнес субъектілерінің қызметін тоқтату тәртібі жеңілдетілді. Тиісті өзгерістерді Қаржы министрі Мәди Тәкиев бұйрық арқылы бекітті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа құжатқа сәйкес, белгілі бір талаптарға сай келетін кәсіпкерлер бизнесін жапқанда камералдық бақылаудан босатылады. Яғни, кәсіпкер қызметін тоқтату туралы өтініш берген жағдайда, 2025 жылғы 17 желтоқсанға дейін тапсырылған салық есептілігі бойынша және 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңдерге қатысты камералдық тексеру жүргізілмейді.
Сондай-ақ жаңа тәртіпте маңызды норма бар: егер компания таратылған кезде оның мүлкі салық берешегін өтеуге жетпесе, заңда көзделген жағдайларда бұл қарызды құрылтайшылар өтеуі мүмкін.
Жаңартылған ереже 1 наурыздан бастап күшіне енеді.
