Қазақстанда мемлекеттік қолдау алған банктердің қарызды қайтару тәртібі өзгеруі мүмкін

Қазақстанда мемлекеттік қолдау алған банктердің қарызды қайтару тәртібі өзгеруі мүмкін
Фото: Baq.kz

Қазақстанда мемлекеттік қолдау алған банктерге қатысты жаңа талаптар енгізілуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктердің мемлекеттен алған қаржысын қайтару тәртібіне өзгерістер енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазіргі қолданыстағы талап бойынша, егер мемлекеттік қолдау алған банк акционерлеріне дивиденд төлеуге немесе өз акцияларын кері сатып алуға шешім қабылдаса, мемлекеттен алған қаражаттың тиісті бөлігін үш ай ішінде қайтаруға міндетті. Енді бұл мерзімді қайтарылатын сомаға қарай саралау ұсынылды.

Атап айтқанда, қайтарылатын сома 50 млрд теңгеге дейін болса, қазіргі үш айлық мерзім өзгеріссіз қалады. Ал 50-100 млрд теңге аралығындағы қаражатты қайтаруға 12 айға дейін, ал 100 млрд теңгеден асатын соманы өтеуге 18 айға дейін уақыт беру көзделген.

Сонымен қатар негізгі талап өзгермейді. Яғни банк мемлекетке акционерлерге дивиденд төлеуге немесе өз акцияларын кері сатып алуға жұмсаған қаражат көлемінен кем емес соманы қайтаруы тиіс.

Агенттік бұл өзгерістер банктердің мемлекет алдындағы міндеттемесін жеңілдетпейтінін, тек төлем мерзімін икемдірек ететінін атап өтті. Мұндай тәсіл ірі көлемдегі төлемдер кезінде банктердің өтімділігіне түсетін жүктемені азайтып, қаржы ұйымдарына капиталды тиімдірек басқаруға мүмкіндік береді.

Ұсынылып отырған түзетулер қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен, Ұлттық қордан, Ұлттық банктен немесе оның еншілес ұйымдарынан қолдау алған банктерге қатысты болады.

Құжатта жаңа нормаларды 2026 жылғы 1 маусымнан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолдану ұсынылған. Қазіргі уақытта жоба қоғамдық талқылау кезеңінен өтіп жатыр.