Қазақстанда лицензиясынан айырылған банктерде жинағы барлар не істеу керек

Кәмшат Тілеухан 18 қаз. 2024 15:06 4137

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) лицензиясынан айырылған банктердің салымшыларына қатысты маңызды ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Егер банк лицензиясынан айырылған болса, заң бойынша депозиттерге кепілдік беру қорынан бір жыл бойында банк салымшылары немесе банк картасын ұстаушылар өтемақы ала алады. Алайда, егер осы шекті мерзімнен кешігіп, тұтынушы банктегі жинағын алып үлгермеген жағдайда не болады?.. Қор мамандарының жауабы төмендегідей.

"Бүгінге дейін таратылатын тоғыз банктің салымшылары әлі де төлем алуға өтініш бере алады", - дейді ҚДКБҚ баспасөз қызметі.

Егер банк лицензиядан айырылған болса, ҚДКБҚ 35 жұмыс күнінен кешіктірмей салымшыларға өтемақы төлеуді бастайды. Төлем агент-банк арқылы бір жыл бойында жүргізіледі. Бұл функция таратылатын банк салымшыларының өтініштерін қабылдау және ҚДКБҚ-дан өтемақы төлеу үшін қолданыстағы екінші деңгейдегі банктердің біріне беріледі.

Қазіргі уақытта тоғыз банк, оның ішінде Tengri Bank, Capital Bank Kazakhstan, Asia Credit Bank, Астана Банкі де таратылып жатыр. Олардың әрқайсысының салымшыларына төлеуі тиіс төлемдер мерзімі аяқталды және талап етілмеген өтем сомалары салымшылардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарына аударылды. Алайда, салымшының уақытында төлем алуға өтініш бере алмауына қатысты дәлелді себебі болған жағдайда, ҚДКБҚ БЖЗҚ-дан ақшаны қайтарып, оны салымшы шотына аударып бере алады.

Айта кетсек, ҚДКБҚ 2022 жылдың мамыр айынан бастап ерікті зейнетақы жарналары ретінде салымшылардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарына талап етілмеген өтем сомаларын аудара бастады.

Біріншіден, БЖЗҚ-ға аударылған қаражат зейнетақы жарналары сияқты тәртіппен инвестицияланады әрі инвестициялау нәтижелері бойынша инвестициялық кіріс есептеледі, бұл ұзақ мерзімді перспективада салымшылар үшін тиімді.

Екіншіден, бұл шешім, тәжірибе көрсеткендей, салымшылар талап ете бермейтін шағын сомалар мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Әрине, БЖЗҚ-да аударылған сомаларға салық салынбайды.

Ерікті зейнетақы жарналарын аударатын шоттар болмаған жағдайда БЖЗҚ-да ол автоматты түрде ашылатыны нақтыланады. Бұл ретте жарналар ЖСН және өзге де сәйкестендіру деректері БЖЗҚ базасындағы деректерге сәйкес келетін салымшыларға ғана аударылады, әйтпесе зейнетақы қоры бұл төлемдерді есепке алудан бас тартады. Осындай салымшылардың кешігіп жеткен өтініштерін дәлелді себептер болған жағдайда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры қарайды.

Сонымен, төлем мерзімі аяқталғаннан кейін тарап кеткен банк шотындағы ақшаны қалай алуға болады?

Егер өтемақы төлеу мерзімінен кешігудің дәлелді себептері болса, ақшаның қайтарылуы мүмкін. Дәлелді себептер тізбесі заңнамалық деңгейде айқындалады, оған мыналар кіреді:

  • салымшының әскери қызметке қабылдануы;
  • салымшының Қазақстан Республикасынан тыс жерде болуы. 
  • салымшының мұрасын қабылдау және мұраны алуға немесе ашуға байланысты басқа да себептер. 
  • салымшының бас бостандығынан айыру орындарында болуы. 
  • сот белгілеген өзге де мән-жайлар. 

Бұларды растау үшін қандай құжаттар сұралады:

  • Әскери есепке алу құжаттары немесе әскери қызметті өтеп жатқанын растайтын мәліметтер Қазақстан Республикасы азаматының шекарадан өткені туралы белгісі бар төлқұжаты немесе елден тыс жерде болу фактісін растайтын өзге де құжаттар;
  • мұраны қабылдау, мұраны алу немесе ашу құжаттары, оның ішінде сот актілері;
  • Сот үкімін, жазасын өтеу немесе жазадан босату туралы құжатты ұсыну қажет;
  • Сот белгілеген өзге де мән-жайлар төлемнің белгіленген мерзімінде арыз беруге кедергі келтірген басқа мән-жайдың туындауын анықтайтын сот шешімімен расталады.

Сонымен, барлық өтініштер ҚДКБҚ-да жазбаша түрде қабылданады. Өтінішті толтыру үлгісі аталған қордың ресми сайтында қолжетімді. Құжаттар топтамасын өтінішпен бірге ҚДКБҚ-ға жекелей тапсыру қажет: Алматы қаласы, Әйтеке би көшесі, 67, Астана қаласы, Ғабдуллин көшесі, 18 үй.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар