Қазіргі уақытта инвесторларды бағалы қағаздар нарығына инвестициялау кезінде ықтимал шығындардан қорғау мақсатында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі күрделі қаржы құралдарын сатып алу үшін заңнамалық шектеулер белгіледі, деп жазады Dalanews.kz.
- Енді күрделі қаржы құралдарын тек білікті инвесторларға сатып алуға рұқсат етіледі, - дейді ҚНРДА Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Айдын Дәулетбақ.
Оның айтуынша, жаңа заңнамалық түзетулерге сәйкес қаржы құралдарының тізбесіне туынды бағалы қағаздар және/немесе өзге де туынды қаржы құралдары, сондай-ақ шығару талаптарында олардың бөлшек инвесторларға арналмағаны көзделген қаржы құралдары кіреді. Бұл шектеулер соның ішінде жаһандық депозитарлық қолхаттарды (GDR/ADR) қамтиды.
"Депозитарлық қолхат – бұл кастодиан банкте немесе депозитарлық ұйымда сақталатын шетелдік акциялардың белгілі бір санына иелік ету құқығын куәландыратын туынды бағалы қағаз. Сонымен қатар, депозитарлық қолхаттар акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру құқықтары, дивидендтер алу және оларға салық салу, сондай-ақ оларға қатысты қолданылатын заңнама бойынша базалық активтен кейбір айырмашылықтарға ие болуы мүмкін", - дейді ол.
Осылайша, депозитарлық қолхаттар инвестициялауға байланысты тәуекелдерді толық түсіну үшін бөлшек инвесторлардан белгілі бір білімнің болуын талап ететін күрделі қаржы құралдары.
Бұл ретте Қаржы құралдарының тізбесіне енгізілген түзетулер бөлшек инвесторлардың Депозитарлық қолхаттарды сатып алуына тыйым салуды көздемейді. Олар білікті инвестор мәртебесін алу арқылы аталған қаржы құралдарын сатып ала алады.
Білікті инвестор мәртебесін брокер тағайындайды. Білікті инвестор мәртебесін алу үшін жеке тұлға мынадай талаптардың біріне немесе бірнешеуіне сәйкес келуі тиіс:
- қаржы және экономика саласында жоғары білімінің, CFA, FRMC, CIIA сертификаттарының болуы,
- инвестициялар саласында еңбек өтілі болуы
- кемінде 8 500 АЕК (шамамен 30 млн теңге) мөлшерінде активтерінің болуы
- қаржы құралдарымен сауда бойынша тәжірибесі болуы керек (соңғы 12 айда кемінде 50 мәміле).
Егер инвестор көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, ол тестілеуден өткеннен кейін қаржы құралдарының барлық тізбесіне қатысты да, қаржы құралдарының жекелеген түрлері бойынша да білікті деп танылуы мүмкін. Бұл ретте тестілеу шеңберінде брокер инвестордың қандай да бір қаржы құралымен байланысты тәуекелдерді қаншалықты түсінетінін тексеруі тиіс.
Егер инвестор дұрыс жауаптардың қажетті санын жинамаса, онда ол брокердің инвестициялау тәуекелдері туралы хабарламасымен танысып, қол қойғаннан кейін ғана күрделі қаржы құралдарын сатып ала алады.
Білікті инвестор мәртебесін алу үшін осы шарттар заңды тұлғаларға қатысты қолданылмайды.
"Осылайша, бұл өзгерістер білікті емес инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ әлеуетті инвесторларды қоса алғанда, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған".