Қазақстанда криптовалютамен азық-түлік сатып алуға жағдай жасалады - Президент

Ақтоты Жапатова 29 мам. 2025 11:25

Астана халықаралық форумының пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның цифрлық трансформациядағы жетістіктері мен болашақ жоспарлары туралы мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Президент өз сөзінде елде «CryptoCity» деп аталатын жаңа пилоттық жоба жүзеге асырылатынын атап өтті. 

«СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Мұнда криптовалютаны азық-түлік сатып алуға, қызмет төлеміне және басқа да мақсаттарда пайдалануға жағдай жасалады», – деді Президент Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның басты мақсаты – Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналу екенін айтты. 

"Әсіресе, жасанды интеллектіні дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Бірқатар шетелдік университеттің филиалы бар, зерттеу мен әзірлеу саласындағы серіктестік жолға қойылған академиялық және инновациялық хабқа айналғымыз келеді. Қазақстан ең қуатты суперкомпьютерді іске қосуға кірісті. Қазірдің өзінде бұл жұмыс басталып кетті", - деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, елордада «Астана халықаралық форумы» басталды. Үш күнге созылатын шараның бұл жолғы тақырыбы ғаламдық деңгейдегі мәселелерге – ынтымақтастық пен жаңа идеялар арқылы бірлесе жауап табуға арналады. Форумға 4 мыңнан астам қонақ қатысады. Оның ішінде Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елдерінен келген мың жарым шетелдік делегат бар. Жиында жаһандық қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, энергетика, экономика және сыртқы саясат мәселелері ортаға салынбақ. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар