Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы Қазақстанда көмірді тек жағу емес, терең өңдеу арқылы экономикалық тиімділікті арттыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, еліміз жер қойнауы бай мемлекеттердің бірі және көмір қоры жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұр. Ғылыми болжам бойынша, Қазақстанда шамамен 260 миллиард тонна көмір бар, бұл үш ғасырға жетеді.
“Соның ішінде зерттелгені 32 млрд тонна. Бұл қордың басым бөлігі Павлодар мен Қарағанды аймағында орналасқан. Елімізде 2024 жылы 108 млн тоннадан астам көмір өндірілді. Көптеген дамыған елдер көмірден және көмір қалдықтарынан химиялық қайта өңдеу арқылы 80-нен астам бағалы заттар мен өнімдер алуға бет бұрған”, - дейді депутат.
Алтынбек Нұхұлы Қытай тәжірибесіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Қытай жыл сайын 2,7 миллиард тонна көмір өндірсе, соның 200 миллион тоннасы химиялық жолмен қайта өңделеді.
“Соның нәтижесінде табиғи газдан бастап, органикалық тыңайтқыш, еріткіштер, косметикалық өнімдер, көміртекті наноталшықтар, жартылай өткізгіштер, батареялар мен сирек металлдар сияқты түрлі заттар алынады”, — дейді ол.